Тәуелсіздік – таңба таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдыретті сөз. Биыл сол құдырет төрінде тербеліп жүргенімізге – 33 жыл.
Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп өз алдында дербес зайырлы ел болды. Бұл – атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі.
Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.
Осыған орай бүгін Жаңақала аудандық полиция бөлімі мен орталықтандырылыған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты шара өтті.
Алдымен мектеп гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Айзада Асхатқызы «Тәуелсіздік даму тарихы» атты баяндамасын оқыды. Кітапханашы Саят Ермекқызы Тәуелсіздік күніне арналған кітап көрмеге шолу жасады. Әрі қарай Талғат Қайырғалиұлы «Қазақ полициясы», Ақерке Әділбекқызы «Әгугай» әндерімен әсемдеп кештің көркін келтірді.
Өткен тарихты білу – ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық. Біздің болашағымыз үшін тарихтың әр беті маңызды. Тарихқа үңілу арқылы біз ұлттық рухымызды күшейтіп, жас ұрпаққа бағыт-бағдар бере аламыз.
Аруғаным Берікқызы
Жаңақала ауданы