13.06.2024, 19:00
Оқылды: 122

Жаңақалада есептік басқосулар жалғасып жатыр

Дүйсенбіде басталған округ әкімдерінің есептік жиындары Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында жалғасын тапты.

66AFCFFE-A56F-4B89-B959-214F3F2AC6EA

Аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Абат Ишанов, құрылыс, сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы Нұртілеу Тілекқабылов қатысқан басқосуда округ басшысы  Абзал Ахметов:

– Ауылға кіреберіс жолдың 5-шақырымына асфальт төселіп, ауылішілік 2,271 шақырым жолдың жобасы сараптамадан өтті. Баршамыз көптен күткен мәдениет үйі қолданысқа беріліп, қоспәтерлі 5 үйдің іргетасы қаланды. «Қаладан – ауылға» жобасы аясында 1 жас отбасы қоныстанып, 3 жанұя келеді деп жоспарлануда. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша биыл «С.Меңдешев» ЖК иесі Болат Туманов пен Нұржан Орнахаев ӘКК (әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация) құру арқылы жартылай мал бордақылау алаңын ашуды көздеуде. 53 шаруа қожалығының 6-уы асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. Әлеуметтік салаға тоқталсақ, 20 адам тұрақты жұмысқа, 8 адам ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты. Қайтарымсыз грантқа 2 тұрғын өтіп, әлеуметтік жұмыс орнына 1 адам тіркелді. Ауылды абаттандыру мақсатында 100 терек отырғызылды, - деп сөз тізгінін Алпамыс Жаңабайұлына ұсынды.

Аудан әкімі алдымен биыл өңірімізге қауіп төндірген қарғын суға бір адамдай қарсы күрескен жерлес азаматтарға ризашылығын білдіріп, аудан көлемінде атқарылған бірқатар істерге тоқталды.

Кейін тұрғындарға кезек беріліп, Тұрарбек Кенжеғалиев есімді азамат басшылардан жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ауыл игілігі үшін тіркемелі техникамен қамтамасыз етілсе деген өтінішін жеткізді.

12479CC3-E215-41D2-AD81-9B347B224C09

Көпжасар ауылы жиынның келесі аялдамасы болып, жиналған жұртқа округ әкімі Нұрбол Бектілеу:

– «Ауыл аманат» бағдарламасы негізінде 2 кәсіпкер несие алып, Атошев Асылхан мал бордақылау алаңын ашу үшін 2,1 миллион теңгеге қой малын алса, Ербол Мусин жартылай фабрикат өнімдерін дайындау үшін 21,5 миллион теңге көлемінде жұмысын жүргізуде. Ауылымыз ауыз сумен 100 пайыз қамтылған, сондай-ақ тек шаруа қожалықтары ғана емес, жеке тұрғындар да қорасына төрт түлігін төлдетіп, берекелі күн кешуде. 4 адам «Бизнес бастау» оқыту курсын тәмамдап, 1 адам мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы ретінде мемлекет тарапынан грантқа ие боп, автокөлік жөндеу орталығын, көпбалалы 1 жанұя токарлық шағын цех ашып, еңбектенуде. Ал 1 тұрғын құс шаруашылығымен, 1 отбасы нан өнімдерін дайындаумен айналысуда. Әр жылғы мектеп түлектерінің қолдауымен балабақшаға кіреберіс қақпа орнатылып, мектеп жанындағы интернат жиһазбен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ ауылға қазақ радиосы қондырылып, Д.Нұрпейісова атындағы білім ордасына 20 домбыра сыйға тартылды, - деп баяндамасын аяқтап, жергілікті жұрттан ұсыныс, пікірлерін ортаға салуды сұрады.

– Өмір бар жерде өлім бар екені хақ. Отбасында ауыр жағдай боп жатқанда кім-кімнің де келген, кеткен адамның бабын табуға жағдайы келмейді. Осындайда дүниеден өткен адамның жаназасынан бастап 7 күндік асы өткенше басқаратын адам болғаны жақсы. Айтқым келгені, ауылымызда Нұрғиса есімді көпбалалы жас жігіттің осындай іске білек сыбана кірісіп, сауап алып жүргенін өздеріңіз көріп жүрсіздер. Тұрақты жұмысы бола тұра, уақыт тауып, орны толмас қасіретке ұшыраған жанұяның қайғысын бөлісе білетін азаматтың еңбегі еленіп, қаржылай қолдау көрсетілсе деген Жұмағали Қайыровтың пікіріне ауылдастары бірауыздан келісті. Болат Жантөре есімді тұрғын Қандыкөл өзеніне өтетін өткелге су келіп, өткел жабылған жағдайда жайылым жері малдарға тарлық ететінін ескертті.

Ал Болат Есенғалиев ауыл халқы той-томалақ өткізуге тойхана салынса деген ниетін жоққа шығармады. Аудан, ауыл басшысы несие алып, кәсібін бастаймын деген азаматтарға қашан да демеу болуға даяр екендерін білдірді.

Жиын соңында тұрғындар жеке қабылдауға тіркелді.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале