Жаңақала колледжінде техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының мұғалімдері арасында республикалық кәсіби шеберлік байқауының облыстық кезеңінің ашылу салтанаты өтті.
«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзегі асыру жолында, қоғамға белсенді араласатын, бәсекеге қабілетті, еңбексүйгіш мамандарды дайындап шығару мақсатында ұйымдастырылып жатыр.
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы, БҚО облыстық әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің әдіскері Жанар Сәбитқызы, аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлы, аталмыш оқу орнының әлеуметтік серіктесі, жеке кәсіпкер Жақсылық Көпжасарұлы, колледж басшысы Самат Жәнібекұлы қатысып, әр өңірден жиналған 7 ұстаз бақ сынасуда. Шараның алғы сөзін аудан әкімі алып, қатысушыларға тәжірибелерін ортаға салып, бар білімдерін көрсетіп, нағыз жеңімпаз анықталуына сәттілік тіледі.
- Бұл байқау дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Колледжде көлік саласы жеңіл автокөлік құзіреттілігі бойынша білім беретін мамандар сайысқа түсетін болады. Қатысушыларымызға сәттілік, сарапшыларға әділдік және де ең мықты маманның топ жарып шығуына тілекшімін. Сонымен қатар, мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына байланысты, БҚО білім басқармасы және облыстық әдістемелік орталығының жоспары құрылып, алдағы оқу жылында жұмысшы мамандықтарды жетілдіру барысында бірқатар шаралар атқарылады, - дейді Жанар Сәбитқызы.
Сайысқа қатысушы мамандар 5 кезең бойынша сыналатын болады. Мұғалімдер білім және тәжірибе жағынан, одан бөлек білім беру саласында инновациялық тәсілдерді шебер пайдаланумен бәсекелесетін болады. Байқау екі күнге созылып, аудандардан жиналған сарапшылар қазылық етеді.
Мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдау – біліктілігін арттыруға үлкен мүмкіндік. Ал, біліктілігі жоғары маманнан білім алған шәкірттің « Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына сәйкес, өз ісінің нағыз шебері болатын сапалы мамандардың шығатыны анық.
Фариза Махамбетова,
Жаңақала ауданы