Жаңақала ауданы басшысы Алпамыс Көшкінбаевтың 2024 жылғы 29 наурыздағы №44-Ө аудан бойынша санитарлық-экологиялық айлықты өткізу туралы өкімі бойынша 6 сәуір мен 4 мамыр аралығында тазалық айлығы жарияланған болатын. Бүгінгі сенбінің таңы да барлық бөлімдер мен мекеме ұжымдарының ауылішілік саябақтар мен ауылдың сыртқы аумағын кезекті тазалаудан басталды.
Атап айтсақ, аудан басшысының тапсырмасы бойынша сенбілік жұмыстары орталық демалыс орнын, "Аманат" партиясы ғимаратының айналасын, "Даңқ", "Тәуелсіздік", "Шырағдан", "Тастөбе" саябақтары мен Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебі және С.Сапаров атындағы, сондай-ақ ауылдың батыс беткейінде ашылған жаңа тынығу алаңдары мен зират аумағын тазалауда 10 бағытқа бөлініп, мекеме қызметкерлері бөлінген аумақтарды тазалап, қыстан қалған қалдықтарды арнайы техникалық көліктермен шығарып, бір кісідей атсалысты.
Сонымен бірге "Тазалық отбасынан басталады" демекші, әр тұрғын өз үйінің ауласы мен маңайын күл-қоқыстан тазартып, көшет егу жұмыстарын жүргізді. Туған жерге деген сүйіспеншілігі мол ауыл жұрты білек сыбана өз қолдарымен қағаз-қалдықтарды қызу түрде жинауға кірісті. Қай кезде де болмасын, ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау - адамдықтың басты қасиеті екендігі белгілі.
Алдағы уақытта да санитарлық тазалық жұмыстары жалғасын табатын болады.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы