Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Осы сөзді қаперінде ұстаған Жаңақала жұрты ет жақындары жерленген жергілікті қорымды қоршауды көптен бері тілге тиек етіп келген болатын.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің мұрындығымен бір жылға созылған игі іс өз мәресіне жетті десек те болады. Алқа мүшелері мекеме, кәсіпорындарда аталмыш мәселе жөнінде кездесу ұйымдастырып, нәтижесінде қарапайым халық, жеке кәсіпкерлер мен мекеме қызметкерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, 10 118 765 теңге қаржы жинап берді.
Түскен қаржыға 1 240 метр жер қоршалып, 4 метрлік үш қақпа мен төрт жаяу есік және құбыла бағыты көрсетілген белгі қондырылды. Сонымен қатар өмірден өткен жандардың рухына арналған садақа жәшігі қойылып, қабір қазушыларға аумағы 6*4 шаршы метрді құрайтын, жағдайы жасалған шағын үй салынды.
Шарапатты шараға, сондай-ақ ауылымыздың төл перзенттері, бүгінде Алматы, Астана, Орал қаласында тұратын біртуар азаматтар жомарттық танытып, қомақты қаржылай қолдау танытса, жергілікті кәсіпкер Нұрболат Ибрашев құрылыс материалдармен үздіксіз қамтамасыз еткен.
Қорым басында бастау алған шараға аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Муканов және аудан қариялары қатысты.
Аудандық мешіттің бас имамы Жомарт Лұқпанов марқұм болған жандарға құран бағыштаған соң өлкетанушы, ардагерлер кеңесінің мүшесің Тыныштық Өтешқалиев атқарылған іс жөнінде ақпарат беріп, қорым басына келер жылы алма, шие секілді жеміс ағаштарын егу, ата-бабаларына ас беріп, құран оқытам дегендерге асхана салу, мал соятын орын дайындау ардагерлер кеңесінің жоспарында тұрғандығын айтты.
Одан әрі кеңес мүшелері «Ағайын» кафесінде түскі ас ұйымдастырды. Алдымен ардагерлер алқасының төрағасы Қайырғали Жайымов қайырымды іске атсалысып, қолдау танытқан барша азаматарға жеке тоқталып, алғысын білдірді.
Түскі ас барысында ауыл үлкендері ұйымдастырушыларға тілектерін жаудырып, ұсыныстарын ортаға салды. Солардың бірі – Шаһидолла Ишанғалиев:
«Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген халық арасында сөз бар. Бүгінгі таңда қаралы жиынды тойға айналдыру сән боп бара жатыр. Аста-төк дастархан, жерлеу рәсімінде әзіл айтып, әңгіме соғу белең алуда. Қазір өлім басқаратын азаматтарға дейін атқарған қызметтері үшін белгілі сомада ақы тағайындап алған. Ол дұрыс емес. Қайғыға батып, қара жамылған үй иелерінің берген ақысына қанағаттанса, қаншама сауап алар еді», - дейді.
Бұл пікірді бас имам Жомарт Санатұлы да қостап, қабір басында дәрет сындырып, шылым шегіп, ішімдік ішетін ер азаматтардың ерсі қылықтарына бірнеше рет куә болғанын жасырмады.
Ал кәсіпкер Қуаныш Сапаров болса, қазір қаза болған үйге ақшасын бермесең, сауап алу үшін баратын жандар аз екенін, әдет-ғұрпымыздан ажырап бара жатқанымызды күрсіне жеткізіп:
– Салт-дәстүрімізді шетелде дәріптегенше, өз елімізде ұлықтаған абзал, - деді.
Жиын соңында жасы сексенді еңсерген ауылдың батагөй қариясы атанған Зылиха анамыз да осы жерден табылып, ақ батасын берді.
«Игі істің басына, жақсы келер қасына» демекші, ауқымды істердің қашанда басынан табылатын ауыл қариялары жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы