Бүгін Тәуелсіздік саябағында Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра және Астана күніне орай «Ұлттың үні – Домбыра, Елдің нұры – Астана» атты мерекелік шара өтті.

Өнерін ұлықтай білген жаңақалалықтар өткізілген жиыннан қалыспады. Уақыт өткен сайын қадірі еселене түсетін атаулы күнде кітап көрмесі таныстырылым жасалып, алғаш құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмарға ұсынылды. Содан соң, аудандық мәдени-демалыс орталығы мен Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің көркемөнерпаздары күмбірлете күй төгіп, ән мен биді халыққа ұсынды. Әрі қарай, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші маманы Еламан Тілегенов жиналған жұртшылыққа викториналық сұрақтар қойып, қошеметке бөленді. Сондай-ақ, ерекше естелігімен есте қалатын әсем қала Астананы әнге қосып, халықтың төл аспабына айналған домбырамен терме де шырқалды.

Осылайша, мерекелік көңіл-күйді сезінген ауыл тұрғындары, шат-шадыман күйде тарқасты.
Р.S: 17 шілде күні сағат 20:00-де дәл осы саябақта жаңаша форматта «Өнер - Fest» өнерлілер фестивалі өткізіледі. Қырқопа, Ақбалшық, Пятимар, Қызылоба ауылдарының дайындаған концерттік бағдарламасы, ұлттық спортық ойындар, жәрменке өтетін болады.
Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы