27.03.2025, 21:00
Оқылды: 64

Жаңақалада «Күй дария» атты облыстық жас домбырашылар байқауы өтті

Қазақ тарихының өнерінде тылсымнан тербеп күй төккен дарабоз күйші, домбырашыларымыздың қанытамған өлкемізде бүгін тағы бір мәрте қос ішектің күмбірі мен шанағынан сыр ақтарған керемет кештің куәсі болдық.

image-27-03-25-04-54-1

Олай дейтініміз,  аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің 50 жылдық мерейтойына орай мәдени-демалыс орталығында ұйымдастырылған «Күй дария» облыстық жас домбырашылар байқауы. Дарынды балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұлттық аспабымызда жас дарындардың орындаушылығын танымал ету мақсатында оздырылған іс-шараға бекітілген ережеге сай 10-12 жас пен 13-15 жас аралығында барлығы 26 үміткер қатысып, бақтарын сынады.

image-27-03-25-04-54

Байқау басталмас бұрын өнер ордасының фойесінде ата дәстүрімізден аттамаған музыка мектебінің ұстаздары келген қонақтарды ақ ұсынып қарсы алды. Одан соң аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен Д. Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі тақырыпқа сай көрме жасақтады.

Шара шымылдығы музыка мектебінің бір топ шәкірттерінің орындауында Құрманғазының «Балбырауын» күйімен түрілген соң сөз алған аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар мен қазылар алқасының мүшесі Ербол Ғұбайдуллин: «Әр шаңырақтың төрінде ілулі тұрған домбыра ұлттық өнерді, ұлттық кұндылығымызды ұлықтайды. Құрметті күй өнерінің додасына түсіп, өнер жарыстырғалы отырған қатысушылар, сіздерге сәттілік тілеймін», - деп өздерінің құттықтау сөздерінде жастарға сенім білдіре отыра, өнерлері үстем болуын тіледі. Орайлы сәтте  Ербол Аманжолұлы аталмыш өнер мектебінің басшысы Орынай Қаршығақызына естелік сыйлық табыс етті.

image-27-03-25-04-54-7

Жаңкақала даласын күйге бөлеген өнерпаздар тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, залды күй-құдіреттің әуеніне бөледі.

Байқау қорытындысында өз қалаулары бойынша 2 күй орындаған орта топ арасынан Арна Нұрболат (Жәнібек ауданы) Нұрберген Алтынбекұлы (Орал қаласы) және Ибраһим Боранбай (Қаратөбе ауданы) III орынға ие болса, Нұрғиса Батырхан (Жаңақала ауданы) ІІ орынға лайық деп танылды. Ал оралдық  жас домбырашы Әли Төлеу - I орынның биігінен көрінді.

image-27-03-25-04-54-9

Ал Қаршыға Ахмедияровтың «Күйші Қали 100» кітабынан Қалидың орындауындағы 1 күй мен өз қалауымен 1 шығарма орындаған үлкен топ үміткерлері бойынша Нұрай Орынғали (Жалпақтал ауданы), Мейрамбек Сағыналы (Бәйтерек ауданы) және Ақмаржан Айтқалиева (Орал қаласы) ІІІ орынға жайғасса, Нұрдаулет Амангелді (Орал қаласы) II орынды иеленді. Бағы мен бабы қатар шапқан Дінмұхаммед Сисен (Жаңақала ауданы) І орынды жеңіп алды.

image-27-03-25-04-54-13

Барлық қатысушылар арнайы диплом және қаржылай сертификатпен марапатталды.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале