Жаңақала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығында аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Махамбет оқулары» байқауының аудандық кезеңі өтті.

Байқауда 8-11 сынып оқушылары 5 кезең бойынша өз бақтарын сынады. Байқауға қатысушылар халқы үшін қан кешкен қайсар ақынның өр рухты өлеңдерін жатқа оқып, шығармашылығын насихаттап, көркемсөз оқу шеберлік деңгейлерін көрсетті. Сондай-ақ, ақ параққа қыл қаламмен батырды бейнелеген жас өрендер де бірінен бірі қалыспай берілген уақыт ішінде тапсырманы орындауға тырысып бақты. Тіпті слайд жұмыстарына таныстырылым жасап, ел намысын жырлаған өр тұлғаға сипаттама жасап, өз жобаларын қорғаған шәкірттер де бірінен бірі қалыспады. Нәтижесінде «Шашақты найза, шалқар күй» - Махамбет күйлерін орындау бағамы бойынша №3 жалпы орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Алина Мергенғали (жетекшісі Темірлан Сыралиев), «Ұлы Арман» - Махамбет шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу номинациясын Е.Орақбаев атындағы ЖОББМ-нің 11 сынып оқушысы Айсезім Қуанышқали (жетекшісі Елеген Абулхайыров), «Ел құтқарар ер едім» - Махамбет шығармаларын жатқа оқу бөлімінде С.Меңдешов атындағы ЖОББМ-нің 10 сынып оқушысы Ерген Абайұлы (жетекшісі Жаннат Жакупова), «Тартынбай сөйлер асылмын...» - жас ақындардың өз туындыларын мәнерлеп оқу бағамында М.Мирманов атындағы ЖОББМ-нің 10 сынып оқушысы Жанәділ Талғатұлы (жетекшісі Айнагүл Кайрлиева), «Біз неткен ер, неткен ер, Сергелдең боп кеткен ер» - Хандар мен ел билеушілер, Батырлар тақырыбын қорғау бөлімінде №3 ЖОББМ-нің 10 сынып оқушысы Даяна Асхатқызы (Айжанат Қадыралиева) бірінші орынды жеңіп алып, байқаудың 26-ыншы қыркүйек күні өтетін облыстық кезеңіне жолдама алды.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы