Бүгін Жаңақала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауданның құрметті азаматтары Табылғали Сапаров пен Ербол Салықовты қабылдау рәсімі өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасары, ауылдық округ әкімдері және бөлім басшылары қатысты.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің дайындаған «Елім деп қызмет еткен ерлер» атты кітап көрмесі таныстырылып, баспасөз беттеріне жарияланған мақалаларға көз жүгіртілді. Әрі қарай, сөз тізгінін ұстаған белгілі журналис, ел азаматы Закария Сисенғали алып, меймандардың жүріп өткен жолдары мен өмірбаянына тоқталып, қос бірдей азаматты құрметті орындарына жайғастырды. Облысымыздың бірнеше ауданын абыроймен басқарған, облыстық мәслихаттың хатшысы, Жоғары Кеңеске депутат болған облыс әкімінің орынбасары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқарған, «Жайық Пресс ЖШС»-ін басқарған Табылғали Сатқалиұлы 70 жасқа, күні бүгін облыстық қоғамдық Кеңеске жетекшілік етіп отырған Ербол Ғұмарұлы 60 жасқа толып отыр. «Парасат қайда болса- ұлылық сонда» демекші, елеулі еңбегі сіңген алып тұлғаларға жиналғандар арасынан ізгі лебіздер мен жүрекжарды тілектер айтылды. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы саналған мерейтой иелері өз кезектерімен сөз алып, жас буынға ақыл-өсиеттерін айтып, өткен кезеңде көрген-білгендерін, жұмыс барысындағы қызықты сәттерінен шер тарқатты.
- Айдын көлі, төрт түлігі,
Мақтанышы қашан да,
Аман болсын жайсаңдары
Жаңақаланың әмәнда, - деп жыр төккен кеш қонағы Ербол Салықовты жиналған дүйім жұрт шапалаққа бөледі.
Әрі қарай, аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев өз алғысын білдіріп, аудан халқы атынан ат мінгізіп, иықтарына шапан жапты. Ел ағаларының қолдауы мен қамқорлығын тілге тиек ете келе, мақтанышпен жадымызда сақтайтынымызды ескерте кетті.
Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы