21.03.2025, 9:00
Оқылды: 55

Жаңақалада Наурыз тойын «Алау шаңырақ» тұрғындары да жалғастырды

Өткен жылы Жаңақала ауылының ел арасында «ЛПУ қалашығы» аталып кеткен Қали Жантілеуов көшесінің көпқабатты үйлерінің алдын мердігер «Жайық Сити» ЖШС абаттандырып берген болатын. Автотұрақ, жаяу жүргіншілер жолы, балалар ойын алаңы, street workout, шағын футбол алаңы – барлығы да халыққа қызмет етіп, игілігін көруде. Бүгінгі күні абаттандырылған аумақтың халқы да белсенділік танытып, Наурыз тойын тойлауға ұйымдасуда.

image-20-03-25-07-03
14 наурыз көрісу күнінен басталған мерекелік шараның жалғасындай бүгінгі шара «Қош келдің Әз-Наурыз!» деп аталды. Мерекелі шараның басы-қасында жүрген аудандық Ардагерлер кеңесі биылғы жылдың наурызнамасындағы Қисыққамыс көшесі жақтағы шараның атауын «Қара шаңырақ» деп атаса, «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының» жақтағы тойға «Саулық шаңырақ», бүгінгі өткен ЛПУ қалашығы ауданға көгілдір отын келгенде салынғандықтан «Алау шаңырақ», ертеңгі болатын ел арасындағы 40 үй аталып кеткен аумақты «Қырық шаңырақ» деп бейресми атау беріп бастама көтеруде.

image-20-03-25-07-03-1
Ауылдың еңбек ардагерлері мен «Алау шаңырақ» тұрғындары наурыз тойға жиналған соң мерекеде аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жайымов жиналған жұртшылықты Наурыз тойымен құттықтап, ақ тілегін арнады. Ауыл ардагерлері Шаһидолла Абуғали мен Болат Өтешов ақ баталарын берді. Одан әрі аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы бесікке салу дәстүрін ұлықтап, әсем әнмен көркемдесе, Қ.Жантілеуов атындағы музыка мектебінің домбырашылары күймен шашу шашты. Жастар ресурстық орталығы мен аудандық мәдени демалыс орталығының да өнерпаздары аталған шараның көркін кіргізді. Шараға жиналғандар мерекелік көңіл күйде «Қара жорға» биін биледі. Жиналған қауым спорттық шарадан да сырт қалмай, гір тасын көтеру, ләңгі тебу сынды сайыстарда бақтарын сынап, ардагерлер кеңесінің марапаты мен естелік сыйлығын алды.

image-20-03-25-07-03-3

Осылайша жаңақалалықтар Наурыз тойын тойлауды жыл сайын жандандырып, белсенділік танытуда. Мерекеде сөз алған көп жылдан бері «Алау шаңырақтың» жасы 90 ға таяған байырғы тұрғыны Нәсіп Өмірғалиева «Көптен бері біздің жақта наурыз тойы тойланбап еді. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын» - деп ағынан жарылды.

image-20-03-25-07-03-2

Жаңақала ауданының бірлігі мен тірлігін жандандырып, наурызнаманың шырайы ақ шаңқан киіз үйде тұрғындар мерекелік дәммен дастархан басында жалғастырды.

image-20-03-25-07-03-4
Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале