18.07.2025, 11:30
Оқылды: 165

 Жаңақалада «Өнер Fest» жалғасын тапты

Жаңақала ауданында жазғы маусымда тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған мәдени-спорттық шаралар өтуде. Соның бірі Тәуелсіздік саябағында өткен өнерлілер фестивалі.

IMG_9505

Ауылдық округтердің шығармашыл ұжымдары мен өнерпаздары жиналған кеш ерекше көңіл-күй мен шынайы рухани әсер сыйлады.

Фестиваль аясында Қызылоба, Пятимар, Қырқопа және Ақбалшық ауылдарының өнерпаздары «Өнерім – елімнің өрнегі» атты концерттік бағдарламамен сахнаға шықты. Кеш шымылдығын «Сымбат» би ансамблі ашып, әжелерден құралған «Толғанай» ансамблі шашу шашып, қонақтарға бауырсақ пен ақ дәм ұсынды. Ән мен би өрнек тапқан қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, әр өнерпаз зор қошеметке ие болды.

IMG_9502

Шара аясында ауылдық округтердің табиғи өнімдерінен жәрмеңке ұйымдастырылып, келген қонақтар ауыл дәмін татып, экологиялық таза өнімдер саудаланды. Балалар үшін батут пен карусель қойылып, тәттілер сатылып, көңілдері көтерілді.

Фестиваль спорттық сайыстармен жалғасып, гір тасын көтеру, арқан тартыс, ләңгі тебу сияқты ұлттық ойын түрлері ұйымдастырылды. Көрермен арасынан қатысушылар шығып, белсенділік танытты. Әсіресе, басқа аудандар мен облыс орталығынан келіп, Жаңақаладағы сауықтыру орталығында ем алып жатқан қонақтар командалық арқан тартыс сайысына қатысып, жүлделі орынға ие болды.

Ауыл мен аудан тіршілігін ұштастыра отырып, ел ішіндегі өнер мен спортты қатар насихаттаған бұл кеш аудан халқы үшін мазмұнды әрі жарқын мәдени демалыс болды.

IMG_9500

Айта кетейік, осындай шаралар легі жалғасуда. 23 шілде күні Достық алаңында сағат 20:30-да Жаңақала мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Karaoke party» кеші өтеді деп күтілуде. Кеште әр тұрғын сүйікті әнін орындап, ерекше кештің бір бөлшегіне айнала алады.

Сыйлыхан Жұмасалық,

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале