Жаңақала ауданы орталығындағы Тәуелсіздік саябағында «Өнер-fest» өнерлілер фестивалі аясында Мәстексай, Жаңажол, Мұқыр ауылдарының көркемөнерпаздары «Өнермен өрілген өлкем» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
Алдымен «Асыл әже», «Ұлпан», «Жан шуақты әжелер» әжелер ансамблі келген көрерменге ән шашауларын арнаса, бір топ келін сәлем салып, ақ пен бауырсақ ұсынды. Сонымен қатар облыстық роботтық-техника байқауы жеңімпаздарының, ауыл кәсіпкерлерінің жәрмеңкесі мен арқан тартыс, қол күресі, гір тасын көтеру секілді спорттық ойындар ұйымдастырылды.
Спорттық шараның марапаттау рәсімінен соң кештің шымылдығы ашылды. Ауыл әкімдері жылы лебіздерін жолдағаннан кейін сазды бағдарламаға кезек берілді. Әуезді әндер шырқалып, жерлес ақындарымыз арнауларын оқыды. Мәстексай ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қызғалдақ» би ұжымы «Бипыл», «Батырлар» биін ұсынып, Жайдарман ойындарында топ жарып жүрген «Айдархан» құрамасы әдемі әзілдерімен көрермен көңілінен шыға білді.
Бірлігі мен берекесі жарасқан ауылдық округтердің басын біріктірген фестиваль «Қазақ елі» әнімен қорытындыланды.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы