7.09.2024, 14:30
Оқылды: 151

Жаңақалада өнерлі Отарбаевтар әулетімен кездесу кеші өтті 

Бүгін Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылдық округінің мәдениет үйінде Отбасы күніне орай "Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі" атты өнерлі жанұя Отарбаевтар әулетімен кездесу кеші ұйымдастырылды. 

image-06-09-24-08-56-1

Ауылдың қонақжай тұрғындары келген қонақтарға тәтті бауырсағы мен көже сусының ұсынып, ыстық ықыласпен күтіп алды. Шараның Қырқопа ауылында ұйымдастырылуындағы басты мақсаты – ауданымыздың үлгілі де өнерлі отбасыларын насихаттап, көпке үлгі ету.

«Дәулет есіктен – ақыл бесіктен», – демекші, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Осындай ынтымағы жарасқан үлгілі отбасылардың бірі де бірігейі – Отарбаевтар жанұясы. Әулеттің тірегі, алтын діңгегі Нұржан Мамайұлы аудандық мәдени-демалыс орталығының шығармашылық бөлімінің меңгерушісі, Халықтық ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, "Үздік мәдениет қызметкері" төсбелгісінің иегері, күйші орындаушы ретінде, өнерге өз үлесін қосып жүрген азамат. Жұбайы Лайла Макарқызы Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің қобыз сыныбының оқытушысы. Аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған Халықтық ұлт аспаптар оркестрі және Халықтық Фольклорлық ансамблінің мүшесі болып қызмет етеді. Отбасында Бекнұр, Ернұр, Арсен есімді үш ұл және Гүлнұр есімді қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-ана. Кеш сұқбатпен бастау алып, Нұржан ағамыз әңгімесіне арқау етіп, өнер саласына келудегі әсер еткен әкесі ауданымызға белгілі өнерлі тұлға Мамай Отарбайұлы жайында сөз қозғап, біраз өткенге оралып сыр шертті. Осы тұста әкесінің өмірлік досы болған Ерболат Кенжеғалиев ағамыз да өз естеліктерімен бөлісті.

image-06-09-24-08-56-2

Әрі қарай әкелеріміздің құрметіне орай Қуанышбек Айдарбековтің орындауында "Рахмет әке" әсем әні орындалды. Сұқбат барысында әке арманын жалғастырып, ауданымыздың нағыз талантты да өнерлі жастарының саның көбейтіп, білікті маман қылып шығаруға даярлау, жақыннан ғана емес, шет аймақтардан да есімдерін көптеп естіп жүретіндей күнге жеткізу ортақ мақсаттары және сол үшін қызмет етуде екендерін тілге тиек етті. Ата-ана ретінде бала тәрбиесіндегі басты назар алуға қажет құндылықтар бойынша сөз қозғалды.

image-06-09-24-08-56

- Балаларымызды бірінші кезекте имандылыққа, адамгершілікке, адаммен қарым-қатынаста сыйластықта болуға, ел мен жерге деген махаббатты қашанда жоғары қоюға барынша ақылымызды айтып отырамыз. Өнер адамын білесіздер,көбіне іс сапарлап жүретіндіктен балаларымызға сөзімізбен көрі ісімізбен тәрбиемізді көрсетіп отыруды жөн көреміз-деді Лайла Макарқызы.

image-06-09-24-08-56-3

Әрі қарай аға мен апамыз көркем өнерлерін ортаға салып, халықтың қошеметіне бөленді. Мерекелі кездесуге өнерлі жанұяның шашбауын көтеріп келген әріптестері сазгер сырнайшы Ерлан Сатыбаев және Қырқопа ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Ақтолқын Қуанғалиева сөз алды. Келесі сөз кезегін мәдениет,тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Ақерке Сансызбайқызы беріліп, бөлім басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызының атынан алғыс хат табыстады. Мерей Жұмашевтың орындауындағы "Атамекен" әнімен тәмамдалып, кеш өз мәресіне жетті.

Фариза Махамбетова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале