26.09.2024, 23:30
Оқылды: 4

Жаңақалада «Отбасы – бақыт мекені» атты форум өтті

Бүгін Жаңақала аудандық Аналар Кеңесінің кезекті жоспары бойынша Қызылоба ауылдық Аналар Кеңесі мен Е.Ш.Орақбаев ЖОББ мектебінің ұйымдастыруымен «Отбасы – бақыт мекені» атты форум өтті.

2

Отбасының қадыр-қасиеті мен сүйіспеншілікке баулу мақсатында ұйымдастырылған шараға БҚО Қазақстан Халықтар Ассамблеясы қоғамдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Жамал Сағынғалиқызы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының заңгері Мариэтта Дәулетиярова, БҚО бойынша Ана үйі қоғамдық қорының үйлестірушісі Зәмзәгүл Шканова және Жаңақала аудандық Аналар Кеңесінің төрайымы Ақмарал Сапарова, аталмыш білім ордасының ұжымы мен ауылдық әкімшілік және мәдениет үйі қызметкерлері мен 9-11 сынып аралығындағы жасөспірімдер қатысты.

Жиын барысында, жиналғандар тәрбие мен отбасы мүшелерінің рөлдері туралы айтылып, жас жеткіншектерде сирек кездесетін мәселелер мен түйіткілді сауалдар туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар, ақ жаулықты аналар мен қарияларға ақтан дәм ұсынылып, сазды әуен де шырқалды. Әрі қарай, Ақмарал Аманқызы жас буынға өзінің аналық ақыл-кеңесін жеткізіп, өмірде кездесетін қиындықтар мен қызықтарды баяндады. Дәл осылай, арнайы шақыртумен ауыл жұртшылығына ат басын бұрған қонақтарымыз да сөз алып, заман талабына сәйкес шаңырақтағы тәрбиенің маңыздылы жөнінде жілігін шағып, талдап берді. Қазіргі таңдағы ахуалды тақырыптардың бірі – келін мен ене арасындағы, туыстық қатынастарға байланысты сыйластық сынды әңгімелер де назардан тыс қалмады. Қатысушыларға еркін микрофон ұсынылып, жиналған оқушылар мен жұртшылық көкейінде жүрген сұрақтарын ортаға салып, пікір алмасты.

1

Талғат Табылдыұлы жетекшілік еткен оқушылар хоры «Ана» әнін нақышына келтіре орындап, көрермен қошеметіне бөленді. Қазақи салт дәстүрді сақтаған ақ жаулықты әжелеріміз бен әдемі бешпент пен кәзекей киген аналарымызды көріп бір қуанып қалдық. Шара соңында, естелік суреттерге түсіп, кеш қонақтары көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

3

Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале