2.07.2025, 0:00
Оқылды: 110

Жаңақалада өткен ашық пікірсайыс тікелей эфирде көрсетілді

2025 жылғы 13 шілдеде өтетін Бірлік, Жаңажол және Көпжасар ауылдық округтері әкімдерін сайлауға байланысты Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы үміткерлер арасында ашық форматтағы пікірсайыс ұйымдастырды. Іс-шара Facebook желісінде тікелей эфирде көрсетілді.

image-01-07-25-08-56
Пікірсайыстар Жаңажол ауылынан басталып, кейін Көпжасар мен Бірлік ауылдарында жалғасты. Шара алдында дөңгелек үстел өтіп, оған облыстық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары Әділ Жоламанов пен Жанболат Бақтыгереев, жергілікті қоғамдастық кеңесі мүшелері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты. Кездесуде сайлау заңнамасындағы өзгерістер, сайлау комиссиясының жұмысы мен сайлау туралы заңды жетілдіру үшін ұсыныстар талқыланды.

image-01-07-25-08-56-2
Жаңажол ауылдық округіндегі пікірсайысқа үміткерлер Марат Жүсіпқалиев, Әлібек Қайыршақов және Дәурен Мерешев қатысты.

Олар ауылды дамытуға бағытталған сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, тұрғындар сұрақтарына жауап берді. Көтерілген басты мәселелер қатарында – 12 шақырым кірме жол, жастарды жұмыспен қамту, ауыл халқының әл ауқатын көтеру, инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығының дамуы болды.
Көпжасар ауылында Нұрбол Бектілеу, Анар Құспанова және Алтын Бижанова үміткер ретінде пікірсайысқа шықты. Тұрғындар тарапынан қалаға қатынайтын автобус, мал бағу және азықпен қамту мәселелері қозғалды.
Бірлік ауылдық округінде Ақжарқын Ғаниева, Ерболат Жақашев және Бейбіт Күмісқалиев өз бағдарламаларымен таныстырды. Ауыл шаруашылығын қолдау, шаруа қожалықтарын дамыту, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – басты талқыланған тақырыптар болды.
Пікірсайыстар ашық әрі іскерлік форматта өтіп, үміткерлер мен сайлаушылар арасында сындарлы диалог орнады. Ауыл тұрғындары алдағы сайлаудан нақты өзгеріс пен жаңа әкімдерден нәтижелі жұмыс күтетінін ашық білдірді.

Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале