30.06.2025, 21:00
Оқылды: 122

Жаңақалада сайлауалды пікірсайыс өтті

Жаңажол ауылдық округі әкімдігіне кандидаттар тіркелген болатын. Бүгін үміткерлердің қатысуымен ашық форматтағы сайлауалды пікірсайыс ұйымдастырылды.

image-30-06-25-09-09-4

Шараны аудандық аумақтық сайлау комиссиясы өткізді. Пікірсайыс басталмас бұрын дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Бақтыгереев, Жаңажол ауылдық округінің әкімі Айбек Ишанов, сондай-ақ жергілікті қоғамдастық кеңесі мүшелері, еңбек ардагерлері, жастар және ауылдың белсенді азаматтары қатысты.

image-30-06-25-09-09-2

Отырысты аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Бақтыгереев ашып, кездесу мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Кейін сөз алған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов сайлау процесінің заңдылықтары, кандидаттарды тіркеу тәртібі және үгіт-насихат кезеңінің талаптары туралы баяндады.

Дөңгелек үстелде ауыл тұрғындары мен қоғамдастық кеңесі мүшелері кейбір үміткерлерді танымайтындарын айтып, «Ауылдан шыққан, жергілікті жағдайды жақсы білетін азаматтарды да тіркеуге бола ма?» деген сұрақ қойды. Бұл мәселе төңірегінде пікір алмасу өтіп, сайлауға түсудің заңдық талаптары түсіндірілді.
Пікірсайыс үш негізгі кезең бойынша өтті.
Бірінші кезеңде үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Олар ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жоспарларын ұсынып, негізгі басымдықтарды атады. Атап айтқанда, жол мәселесі, жастарды жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын дамыту және инфрақұрылымды жаңарту секілді бағыттар көтерілді.

image-30-06-25-09-09-1
Екінші кезеңде үміткерлер бір-біріне сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты. Бұл кезең кандидаттардың саяси сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.
Үшінші кезеңде сөз тізгінін сайлаушылар алды. Бұл бөлімде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, үміткерлерге нақты сұрақтар қойды. Сауалдар негізінен ауылдың әл-ауқатын арттыру, кірме 12 шақырымдық жолға қатқыл табанды жол салу, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, жастарға арналған жобалар төңірегінде болды. Кандидаттар халықтың сұрақтарына өз бағдарламаларымен сәйкестендіріп жауап беруге тырысты.

image-30-06-25-09-09
Пікірсайыс ашық әрі іскерлік форматта өтіп, сайлаушылар мен кандидаттар арасында тиімді диалог орнады. Шара ауыл тұрғындарының алдағы сайлауға деген қызығушылығы мен белсенділігін көрсетті.
Айта кетейік, Жаңажол ауылдық округі әкімдігіне тіркелген үміткерлер: Марат Жүсіпқалиев, Әлібек Қайыршақов, Дәурен Мерешев.
Ауыл халқы алдағы сайлаудан үлкен үміт күтіп отыр. Олар жаңа әкімнен елді мекеннің өзекті мәселелерін шешуде нақты нәтижелер күтетінін ашық білдірді. Пікірсайыс аудан бойынша алғаш рет тікелей эфирде көрсетілді.

 

Сыйлыхан Жұмасалық,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале