6.08.2021, 22:40
Оқылды: 100

Жаңақалада «Темір адам - 2021» сайысы өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қызылоба ауылында «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен триатлоннан «Темір адам - 2021» жарысы ұйымдастырылды.

D67926F8-35A9-4176-A62B-221E11945FF8

Жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсат – соңғы жылдары ауылымызда артта қалып қойған жеңіл атлетика спортын қайта жандандыру болатын. Триатлон – бұл үш циклдық спорт түрінен тұратын мульти жарысқа негізделген спорт түрі. Мұнда жарысқа қатысушылар рет-ретімен үздіксіз үш кезеңнен, яғни жүзу, веложарыс және жүгіруден өтеді. Ауылымызда алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа ауыл жастары асқан қызығушылықпен қатысты. Әрине бір мезгілде жүзу, жүгіру, велосипедпен жарысу оңайға түскен жоқ. Спортшылар бір кезеңде суырылып алға шықса, екінші кезеңде қарсыласына есе жіберіп қойып жатты. Дегенмен, бұл спорт түрі шын мықтылардың сайысы екеніне жарыс соңында көз жеткіздік.

Жарыс қорытындысы бойынша, Бақдәулет Шамекеев жеңімпаз атанса, II орынды Ерғали Ғазизов иеленді. Ал III орынға Абылай Қуанов табан тіреді. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлық пен медальдар табысталып, барлық қатысушылар дипломмен марапатталды.

Осы жарысты ұйымдастыруға қолдау білдірген Қызылоба ауылдық округі әкімшілігіне және демеушілік жасаған ауылымыздың 1987 жылғы азаматтарына үлкен алғысымызды білдіреміз.

Арнұр Капулов,

спорт әдіскері

         

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале