Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен Мәрлен Ғилымханның «Төбелер стихиясы» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Көкірегіне күй ойнатып, жүрегіне жыр жайнатып жүрген жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық , халықаралық жыр мүшайраларының жеңімпазы, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Мәрлен Мәлікұлы ортаға шақырылып, Қали Жантілеуов атындағы музыка мекебінің ұстазы Темірлан Біржанұлы Дина Нұрпейісованың күйі «Науысқыны» күмбірлете көрермен құлағына жеткізді.
Әрі қарай, аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмарға сөз беріліп, жас қаламгерді төл туындысымен құттықтап, алғысхат табыс етті. Мектептен тыс жұмыс орталығы жанынан құрылған «Алтын қалам» (жетекшісі Салтанат Қарекенова) үйірмесінің қатысушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жинаққа қолтаңба алды.
Содан кейін, ақын, ардагер жазушы Закария Жүсіпқалиұлы мен ұстазы Ақмарал Сапарова «бала Марленнен – дана Марленге» дейінгі ескірмейтін естеліктерді еске алды.
Анасы мен нағашы әжесі де зере әрі талантты ұлдарының өткені мен бүгінін айтып, ұстаздық еткен жылдары болған қызық оқиғаларымен бөлісті. Жыр әлеміндегі тұңғыш төл туындысына түсінік жүргізіп, аталмыш жинақтың мазмұнына тоқтала кетті. Оқырмандар да өз сауалдарын қойып, керек кеңестерін түртіп алды. Жиын соңында, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Дина Даниярқызына сөз беріліп, ақындарға қандай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді деп сөзін қорытындылады. Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің ұстазы Дархан Қаберов ән шырқағаннан кейін, жиналғандар естелік суретке түсті.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы