Белгілі қоғам қайраткері, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, Жаңақала ауданын ұзақ жылдар басқарған, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, марқұм Төлеген Тастайұлы Мерғалиевтің өзі тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Төлеген Тастайұлының қайтыс болғанына бір жыл толуына орай орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуына марқұмның жұбайы Дина апамыз бен бала-келіндері, туған-туыстары және ұзақ жылдар қызметтес болған әріптестері мен шәкірттері қатысты.
Жиын барысында аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали марқұмның өмір жолы туралы қысқаша баяндай отырып, ескерткіш тақтаны орнатудағы басты мақсат - ауданымыздың бір туар азаматының есімін жас ұрпақтың жадында мәңгіге қалдыру екендігін тілге тиек етті.
Одан әрі «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ БҚОФ төрайымы Айгүл Есекенова сөз алып, Төлеген Тастайұлының Жаңақала ауданын дамытудағы елеулі еңбегін еске ала отырып, өмірінің соңғы жылдары өзі басқарған Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының қызметін дамытуда атқарған зор еңбегі туралы әңгімеледі.
Сонымен қоса Төлеген ағамыздың замандасы, сол әулеттің құдасы Н.Мақанов Т.Тастайұлының өмірі мен қызметі турасындағы естеліктерімен бөліссе, Мерғалиевтер әулетінің үлкені Төлеуғали Мерғалиев інісінің еңбегін бағалап, оған құрмет көрсетіп отырған барша жұртқа әулеттің атынан алғысын білдірді.
Жиын соңында марқұмның аруағына құран бағышталып, ескерткіш тақтаның жабыны түсірілді.
Нұрғали ҒАББАС
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz