21.12.2025, 15:00
Оқылды: 3

Жаңақалада түйе палуандар белдескен дүбірлі дода өтті

Бүгін «Jastar» спорт клубында аудан әкімдігінің қолдауымен қазақ күресінен Батыс Қазақстан облысының бірнеше мәрте түйе палуаны, Жаңақала ауданынан шыққан тұңғыш спорт шебері, самбо күресінің «Құрметті ардагері» төсбелгісінің иегері, спорт ардагері Есекенов Жайсаң Ахметұлының 60 жас мерейтойына арналған ересектер арасындағы қазақ күресінен ашық аудандық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

photo-output

Бұл доданы ардагер спортшының шәкірттері ұйымдастыруда. Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін қонақтар таныстырылды. Шараға аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Руслан Ғұмар, аудан әкімі аппаратының басшысы Ақан Қапанов, самбо күресінен ардагерлер арасында әлем чемпионатының жүлдегері, Астана қаласындағы Қ.Мұңайтпасұлы атындағы республикалық мектеп интернат колледжі директорының орынбасары Қадырбек Қабдолов, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі мәрте Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы Айдана Елеусінова, Қазақ күресінен спорт шебері, ҚР-ның чемпионы, ҚР кубогының жеңімпазы, «Жас барыс» республикалық турнирінің жеңімпазы, аудан мақтанышына айналған айдархандық жас палуан Айбатыр Миразат және спорт ардагерлері мен достары, шәкірттері қатысты. Алғашқы құттықтау сөз Алпамыс Жаңабайұлына ұсынылып, Жайсаң Ахметовке шапан жауып, құрмет көрсеткен соң шәкірті Қадырбек Ермекқалиұлы Қазақстандық спорт ардагерлері одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің және БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының құттықтаухатын ұсынды.

image-21-12-25-02-42-1

Әрі қарай мерейтой иесі «Спорт шебері» куәлігін шәкірттерінің шәкірттері Айдана Нұрлыбайқызы мен Айбатыр Айбекұлына табыстады. Сондай-ақ, шәкірттері атынан Аманжол Сансызбайұлы аламан доданың өтуіне демеушілік танытып, қолдау көрсеткен жандарға естелік сыйлықтар берген соң спорт ардагері мен оның зайыбы Фатима Сырымқызына Ташкент қаласындағы сауықтыру орталығына жолдама сыйға тартты. Аудандар мен ауылдардан іріктелген барлығы 15 палуан боз кілемде төбе көрсетіп, жеребе тарту рәсімін өткізді. Жаңажолдық айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұл үлгі алар ағасына арнауын жолдап, «Айдарханның палуандары» әнін Жалғас Исмагулов орындады. Палуандар бәсекесінің ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін жарысқа қатысушылар дайындықты бастады. Жиналған жұртшылық қолдау білдіріп, жанкүйерлік танытты.

image-21-12-25-02-42

Күрес алаңында әр өңірден келген мықты палуандар белдесіп, намыс пен шеберліктің нағыз үлгісін көрсететін болады. Айта кетейік, оның ұрпақтары да спорттан алшақ емес. Әке жолын қуып, түрлі додада қарсыластарына дес бермей жүрген ұлдары да аудан мақтаныштары екенін абыроймен айтамыз.

image-21-12-25-02-42-3

Иә, ұзақ жылдар бойы аудандық жасөспірімдер және балалар спорт мектебінде директорлық қызмет атқарған Жайсаң Ахметұлы аудан спортының тірегі десе артық емес. Ол жүздеген шәкіртке ол сілтеген, спортқа деген адалдығын ісімін дәлелдеген азамат. Бұл күн – сол еңбектің бағалануы, құрметтің белгісі.

Ақерке Мәлікқызы
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале