Бүгін Жаңақала колледжі базасында техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша ұйымдастырылған Worldskills чемпионатының облыстық кезеңінің ашылу салтанаты өтті.

«Баршаға арналған тегін колл кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында 10 колледждің студенттері мен сарапшылары қатысуда. Қоғамға қажет, бәсекеге қабілетті, жан жақты әрі құзіретті маман дайындау мақсатында қатысушылар өз өнерлерін көрсетіп, шыңдалмақ. Байқаудың ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Ерлан Қажиев, БҚО әдістемелік орталығы директорының орынбасары Әли Масалимов, байқаудың бас сарапшысы Байкен Иқсанов, Жаңақала колледжінің директоры Самат Ермекқалиев, ауыл әкімі Ақан Қапанов қатысты. Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін, сөз алған Алпамыс Жаңбайұлы барша ауданнан жиналған қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай ақ, Әли Хайдарұлы мен Байкен Қалиұлы да жылы лебіздерін білдіріп, байқау шарттары мен ержелерін атап өтті.

Әрі қарай, бақ сынасушылар ортаға шақырылып, Жаңақала колледжінің көркемдік жетекшісі Рақымжан Нұрымғалиұлының орындауындағы «Жаса қазақ!» әні орындалды. Айта кетейік, ерте кәсіптік бағдарлау моделін және студенттерді кәсіби даярлау негіздерін құру мақсатында оздырылып отырған чемпионаттың жеңімпаздары республикалық додаға жолдама алатын болады. Байқау колледж шеберханасында жалғасын тапты.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы