Бүгін рухани орталық ғимаратында Жаңақала ауылдық округінен сайланған аудандық мәслихат депутаты Бегайым Есенғалиева жыл ішінде атқарылған жұмыстары бойынша есеп беріп, сайлаушылармен кездесу жиналысын өткізді.
Басқосудың алғы сөзін «AMANAT» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Гүлбану Дағарова алып, аудандық мәслихат депутаттарының жалпы атқаратын қызметтері мен жүктелетін міндеттерін баяндады.
Бегайым Төлеуғалиқызы өзінің сайлауалды бағдарламасына тоқталып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында білім сапасын арттыру және соңғы 3 жылдағы білім сапасының деңгейі салыстырмалы түрде артып келе жатқандығын айтып, осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Одан әрі аудан көлемінде шама келгенше қоғамдық қабылдау барысында өтініш жасаған жандарды тұрақты жұмысқа тұруға ықпал етіп, кірме және ауылішілік жолдардың уақытында сапалы бітуіне, ауыл арасы және қалаға қатынайтын такси қызметінің күрт өсуіне де бей-жәй қарамайтынын айта отырды.
Сонымен қатар жиналған қауым қалаға қатынайтын автобустың билетін онлайн сату, және жұмыс күндері де шағын газель емес 53 орындық автобусты шығару жөнінде өтініштерін жеткізді. Барлық қойылған сауалдар бойынша тұшымды жауап берілді. Сөз соңында Бегайым Есенғалиева көтерілген барлық өтініштер бойынша жұмыстанып, мәселелер жауапсыз қалмайтындығын тілге тиек етті.
Фариза Махамбетова,
Жаңақала ауданы