Бүгін аудан орталығында «Бахит» тұрмыстық заттар мен аутобөлшектер шағынмаркеті салтанатты түрде өз жұмысын бастады.

Кәсіп иесі Бекжан Тойлыбаев 2018 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік білімін шыңдап, Үкіметтен 6 пайызбен несие алып, мал өсіруді қолға алды. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, 2019 жылы аутобөлшектер дүкенін ашқан болатын. Табанды еңбегінің арқасында мінекей, жеке ісін кеңейтіп тұрғындардың күнделікті тұрмысына қажетті тауарларды ұсынуда. Жалпы құны 60 миллион теңге қаражатты құрайтын шағынмаркетте 6 адам жұмыспен қамтылып отыр. Игі бастаманың ашылу салтанатына жиналған жергілікті жұрттың қарасы көп болды. Сонымен қатар аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев та қатысып, кәсіп иесіне толағай табыс тіледі. Сондай-ақ ағасы Берік пен нағашысы Жұмагелді де құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде Бекжан Бахитұлы:
- Аудан орталығында бой көтерген сауда нысанымыз алдағы уақытта тек жаңақалалықтар үшін емес, өзге округтің
тұрғындарына да тиімді деп білемін. Орналасқан жері де қолайлы. Халыққа сапалы қызмет көрсетуге қашанда дайынбыз, - деді.

Салтанатты жиынның лента қию рәсімі Алпамыс Жаңабайұлы мен Тойлыбаевтар әулетінің үлкені Серік Бейсенбіұлына ұсынылды.
Әрі қарай тұрғындар талғаммен жасақталған сөрелерден тұрмысқа қажетті химиялық тауарлар мен көліктеріне керекті құралдарды алып, кезекке тұрды.
«Әлемнің әміршісі – еңбек» демекші, нағыз еңбектің қазанында қайнап, маңдай термен тапқан нанның тәтті болары сөзсіз. Еңбектің көзін тапқан іскер жерлесіміздің қарекетіне біз де береке тілеп, бір марқайып қайттық.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
