Сәрсенбінің кешінде Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Жанболат Мұсағалиевтың «Жанға жайлы болатын «Уақыт-бақыт»» атты ән кеші өтті. Ақжайықтың топырағында аунап өскен өнер иесі 10 жылдан бері Жаңақала өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына өз үлесін қосып келеді.
Алғаш рет халық алдында жанды дауыста есеп беру кешін ұйымдастырған Жанболат Болатұлы шара шымылдығын үлгілі «Нұрбибі» би ансамблінің көркемдеуімен «Қабылда» әнімен ашып, «алып та анадан туады» демекші, өмірге де, өнерге де қанат қағуына себепші болған қос анасына басын ие тағзым етіп, гүл шоқтарын ұсынды. Кешке келген өнерсүйер қауымның қарасы көп болып, құдіреті мол өнерден ләззат алған көрермен әншіні кең қошеметке бөлеп, орындарынан тұрып билеп те алды. Сырлы сезімге толы әуезді шарада жаңақалалық өнерпаздармен қатар Ақжайық, Теректі, Жәнібек, Казталов, Бөрлі, Тасқала аудандарынан өнердегі әріптестері арнайы келіп, концерттің ажарын одан әрі аша түсті. Сонымен қатар біраз уақыттан бері үнді елінде ем алып жатырған Рустам Флюрұлы да назардан тыс қалмай, жерлесімізге қаржылай қолдау ретінде қайырымдылық жәшігі қойылды.
Ән көгінде қалықтап қана қоймай, аталмыш өнер ордасында бөлім меңгерушісі лауазымын атқаратын кеш иесінің өзі жарнамасында көрсеткендей, жанға жайлы керемет шараның куәсі болдық. Жарық, дыбыс, әуен, барлығы да сахнаға сай. Атауы да үйлесімін тауып-ақ тұр. Расымен де өміріміздің әр сәтінде бір бақыт бар, тек біз оны байқай бермейміз. Қайта айналып келмейтін алтын уақытымызды бағалай білейік.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы