Бүгін Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінде «Жас көшбасшылар» форумы өтті. «Жас патриоттар» биімен шараның шымылдығы ашылып, Мемлекеттік Гимн орындалды.
Шараға ауданда жас болса да бас бола білген, көшбасшылық қасиетімен көзге түсіп жүрген, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дәурен Мерешов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ел патриотын тәрбиелеуде бірнеше жыл қызмет еткен тәлімгер Гүлнұр Ғалымова, оратор, дебатер, математика пәнінің ұстазы Айымбек Сарымсақов қатысты.
Форум спикерлері таныстырылғаннан кейін, білімді жастың жарқын болашағына жол ашар жиынның алғы сөзі мектеп директоры Бегайым Төлеуғалиеваға ұсынылды. Спикерлер рет-ретімен баяндамаларын оқушы санасына жеткізді. Бірі волонтерлік қасиетті шыңдау, мұқтаж жандарға қол ұшын созу туралы айтса, енді бірі мақсат қою, өз үлгіңді табу, мектеп қабырғасында тәрбие мен білімді қатар алып жүру жөнінде әңгімеледі. «Әр қадамда біргеміз» деп ұрандатқан көшбасшылар сергіту сәтіне де ұйымшылдықпен атсалысты.
Содан соң, мектеп Президенті Айнара Тұрсынбай мен жас көшбасшылардың бірі, аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы Ақбаян Ғилымхан өз презентацияларына түсінік жүргізіп, өзін-өзі басқару ұйымдарының оқушыларға тигізер әсерін баяндап, алғырлық жолындағы лайфхактармен бөлісті. Әрі қарай, спикерлерге шәкірттер тарапынан сұрақтар қойылды. Шара соңында лидерлерге сертификат табыс етілді.
Акерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы