Тәуелсіздік күні – Қазақстан тарихындағы ең ұлы әрі маңызды оқиғалардың бірі. Тәуелсіздіктің әр жылы – терең тарихымыздың жаңа беттерімен жазылған, жетістіктері мен ірі өзгерістерге толы кезең.
1991 жылғы 16 желтоқсан – әрбір қазақстандық үшін ерекше күн. Бұл күн ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталғанын, еркіндікке қол жеткізгенімізді білдіреді. Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый» атты желтоқсан құрбандарын еске алу кеші өтті.
Кеш желтоқсан құрбандарына арнаумен басталып, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ранилұлы мерекелік құттықтауын жолдады.
Кештің басты қонақтары – Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, «Батыс Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Батыр Таулин мен Роза Әбуова. Шара барысында желтоқсаншылар сол бір сұрапыл сәтті баян етіп, сазды бағдарламалар ұсынылды. Кеш «Желтоқсан – Тәуелсіздік рухы» атты кітап көрмесіне кітапханашы Саят Ермекованың библиографиялық шолуымен түйінделді.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы