10.12.2024, 17:45
Оқылды: 145

Жаңақалада желтоқсаншыларға құрмет көрсетілді

Бүгін Жаңажол ауылдық округі әкімдігі мен аудандық аналар кеңесінің қолдауымен, ауылдық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен мәдениет үйінде Тәуелсіздік күні қарсаңында «Мұз жарып шыққан бәйшешек гүлдер» тақырыбында тағылымды шара өтті.

IMG_3900

Мұндағы мақсат – жас ұрпаққа бүгінде тарих бетіне айналған Желтоқсан оқиғасының мәні мен маңызын түсіндіріп, ауданның желтоқсаншыларына құрмет көрсету болатын.

Тарихи кешке округ әкімі Айбек Ишанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрғали Ғаббасов, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Дина Мұқашева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Сапарова жәнемүшелері, аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Индира Тәжиева мен Желтоқсан оқиғасының жергілікті куәгерлері, тарихи шараның басты кейіпкерлері Әлия Базарова мен Роза Әбуова қатысты.

IMG_3914

Шараның жүргізушісі ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Гүлмарал Дәулетова алдымен жақсы істің өтуіне атсалысып, қолдау танытқан «Respublica» партиясының БҚО филиалының директоры Дулат Мақатов пен ауылдың атымтай азаматтары Аңсар Бақытовқа, Аманжан Нәсіпқалиевке, Манарбек Серікқалиевке, Айболат, Қуаныш Жанеділовтерге алғысын білдіргеннен кейін, сөз тізгінін алған Айбек Миразатұлы атаулы мерекемен құттықтай келе, ең басты құндылығымызды құрметтеуге шақырып, талай жастың басы бәйгеге тігілген қанды оқиға қаһармандарының ерліктерін тілге тиек етті.

Сол бір сұрапыл сәтті бейнелеген көріністен соң мектеп оқушылары мен ауыл өнерпаздарының сазды бағдарламасына ұласқан шарада ауданымыздың желтоқсаншылары бастарынан өткен оқиғаны жанарларына жас ұялата баяндап, естеліктерімен бөлісті.

IMG_3918

Танымдық кеш соңында сахна төріне көтерілген Айбек Миразатұлы мен ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Сұлушаш Хисиянова шақырылған меймандарға, сондай-ақ «Офицердің анасы» төсбелгісінің иегерлері, жаңажолдық Светлана Зұлқашеваға, Айғаным Көкеноваға және «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде өнер көрсеткен Қабушевтер отбасының отанасы Айша Жасұланқызына ақ тілектерін жолдап,  алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале