Жаңақала ауданында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған «Туған жер», «Атамекен» кіші бағдарламаларының аясында «Жомарт жүрек - 2018» сыйлығының номинацияларын табыстауға арналған салтанатты жиын өтті.
Халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді ынталандыру, көтермелеу және туған өлкесін дамытуға жәрдемдесу, қайырымдылық қызмет және мейірбандық идеяларын танымал ету мақсатында өткен «Жомарт жүрек - 2018» сыйлығын табыстау кешіне аудан әкімі Н.Қарағойшин, аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме, дербес бөлім басшылары, аудан меценаттары мен аудан жастары қатысты.
Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған аудан басшысы Н.Қадырбайұлы Елбасының қазақстандықтарға әр жылда жолдаған Жолдауларын саралай отырып, ондағы патриоттыққа байланысты айтылған үндеулерге атсалысып жүрген аудан меценаттарының жұмысын баршаға үлгі етер игі іс екенін тілге тиек етті.
- Биыл «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында аудан бойынша 19 млн. 500 мың теңгенің 16 меценаттық жобасын іске асыру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда соның 12 жобасы (11,5 млн.) аяқталып, 4-нің (8,0 млн.) құрылысы жүргізілуде. Бұл меценаттық жобалар ауданымыздың 8 ауылдық округінде іске асуда, - деген аудан әкімі Н.Қадырбайұлы меценаттардың үлгі болар игі істері үшін алғысын білдірді.
Одан әрі аудан әкімі қайырымдылық қызметі мен меценаттық жобаларды жүзеге асырғаны үшін ауданымыздың үздік меценаттарын «Жомарт жүрек - 2018» сыйлығының «Жыл меценаты» аталымымен марапаттады. Олардың қатарында Мәстексай ауылдық округі, Мұқыр ауылына соңғы жылдары демеушілік көрсетіп, әлеуметтік нысандарды жөндеп, мектепке құрал-жабдықтар алып, ауыз су құдықтарын қазып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға материалдық көмек беру сынды жұмыстарды іске асырып келген «Нұртем» ЖШС директоры Темірғали Нұрмұқаев, Жаңажол ауылдық округінен ауылдың саябағын абаттандырып, жазғы сахна орнатып берген «Көшім» ЖШС директоры Наурыз Бекмашев, Жаңажол ауылының кіре берісіне арка қақпа орнатып, ауыл ішіне дейінгі 300 метр жерге бағаналар орнатып, көше жарығын тартып берген Нұрлыбек Хайруллин, Қызылоба ауылына жолаушылар аялдамасын салып берген «Серғазиев» шаруа қожалығының басшысы Данияр Садыров, өз қаржысына туған ауылы Жаңақазанға кіреберіс арка қақпа орнатып берген «Достар» шаруа қожалығының жетекшісі Думан Қарағойшин және туған жерінде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулілерге, Ұлы Отан соғысы мен оларға теңестірілген ардагерлерге қайтарымсыз көмек көрсетіп, түрлі мәдени-көпшілік шаралардың өткізілуіне, спорттық жарыстарға тұрақты демеушілік көрсетіп жүрген «Жолаушы жол» ЖШС директоры Саламат Сертеков бар. Сондай-ақ, ұжым болып өз қаражаттарына аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағына «Газ саласы қызметкерлерінің аллеясын» салып, пайдалануға берген Жаңақала желілік өндірістік басқармасы «Жылдың үздік ұйымы» аталымы бойынша марапатталды.
Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Саматов Рухолла номинациялар бойынша өзге де меценаттарды марапаттады. Ұжымдық ұйымшылдық көрсеткені үшін Жаңақала ауылының 2008 жылғы, Қырқопа ауылдық округі, Карманов орта мектебінің 1998 және 2008 жылғы, Пятимар орта мектебін 1998 жылы, М.Жүнісов атындағы орта мектептің 2008 жылғы және Д.Нұрпейісова атындағы мектептің 1998 жылғы мектеп түлектерін «Туған өлке» номинациясы бойынша марапаттады. Ал Светлана Даргужиева мен Әсет Хайруллин еріктілер қызметіне белсенді қатысқаны үшін «Ерен еріктілік» номинациясымен марапатталды.
Нұрғали ҒАББАС,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz