Бүгін Жаңақала колледжінің мәжіліс залында адал еңбегімен қоғамда өз орнын тапқан жұмысшы мамандарды жастарға үлгі ету, техникалық және кәсіптік мамандықтарға деген құрметті арттыру, қол еңбегін қадірлеу, шынайы еңбек иелерін дәріптеу мақсатында «Еселі еңбек – бәрін де жеңбек» атты кездесу кеші өтті. Іс-шара «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында ұйымдастырылды.
Кездесуге түрлі салада еңбек етіп жүрген тәжірибелі шеберлер арнайы шақырылды. Атап айтсақ, темірден түйін түйген атыраулық Азамат Кенжеғалиев, мүмкіндігі шектеулі болса да қолынан келмейтіні жоқ Жанғали Сәпиев, ауданға белгілі шебер Нұрбек Жүнісов, техниканың тілін білетін ұстаз, ұзақ жылдар Жаңақала колледжінде оқытушы болған Қалима Әйіпқали кездесу кешінің құрметті қонағы болды. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар қонақтарға «Қош келдіңіз» айтып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Кеш барысында меймандар өздерінің өмір жолдары мен таңдаған кәсібінің қыр-сыры, еңбек жолы туралы әңгімелеп, шеберлердің жасаған бұйымдарынан видео-слайд көрсетілді.
Олардың арасында Сарыкөл ауылының қарапайым тұрғыны Жанғали Сәпиевтің өзі жасап шығарған шөпшапқыш, қоқыс итергіш техникасы көпшілікті тәнті етті. Конақтарға сұрақтар қойылып, пікір алмасып, шара мазмұны жағынан тәрбиелік мәнге толы, жастарға үлгі боларлық кездесу кеші болды.
Кеш соңында қатысушыларға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевтің атынан алғысхаттар мен Аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Сапарова естелік сыйлықтар табыстады.
Еңбекпен ел көгереді. Еңбегімен ерекшеленген азаматтар – жастарға шынайы үлгі.
Сыйлыхан Жұмасалық
Жаңақала ауданы