4.09.2025, 23:49
Оқылды: 306

Жаңақалада «Жыр әлеміндегі дара жол» атты кездесу кеші өтті

Бүгін Сауықтыру оңалту орталығында Ақжайық өңірінің абыройын асқақтатып жүрген жыршы-ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі, бірнеше төсбелгілер мен марапаттардың иегері Сағынтай Бисенғалиевпен «Жыр әлеміндегі дара жол» атты шығармашылық кездесу кеші ұйымдастырылды.

image-04-09-25-10-50

Аталмыш шараның басты мақсаты – дәстүрлі өнерді ұлықтап, жыр өнерінің алтын арқауын жалғап келе жатқан ақынның өмір жолы мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас буынға өнеге ету.
Кеш аясында кітапхана ұжымы дайындаған «Жырымен елге таныған ақын» атты кітап көрмесі қатысушылар назарына ұсынылды. Онда ақынның жинақтары, мерзімді басылым беттеріндегі мақалалар мен жырлары қойылды.
Кештің шымылдығын жүргізуші Жанайдар Болатбекұлы ашып, қадірменді қонақтар таныстырылды. Алғашқы болып сөз тізгінін Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Закария Сисенғали алып, ақын шығармашылығына жоғары баға беріп, «Сағынтаймен сырласу» өлеңін оқып берді. Келесі сөз ел ағасы, аудандық электр жүйесі торабының ардагері, кітапхананың тұрақты оқырманы Шахидолла Абуғалиевке беріліп, ол да ақын естеліктерімен бөлісті.

image-04-09-25-10-50-2
Сахна төріне көтерілген Сағынтай Орынғалиұлы өзінің балалық шағынан бастап өнерге келу жолын, алғашқы жырларын еске алып, шығармашылығының негізгі тақырыптары туралы айтып өтті. Жиналған жұртшылық ақынның әрбір сөзінен ұлттық өнерге деген махаббатын, халыққа деген адалдықты айқын сезінді.
Ақынның жырлары – оның рухани өмірінің айнасы. Осы кеште оның бірнеше өлеңін аудандық кітапхана кітапханашылары – Салтанат Серікова, Лунара Садырова, Ақерке Ғабдуллина нақышына келтіре оқып, тыңдарман жүрегіне жол тапты.
Кітапхана жанынан құрылған «Жас қалам» жас ақындар клубының алғашқы мүшелері – Қаһарман Зейнуллин мен Сыйлыхан Жұмасалық та кеш қонағы ретінде шақырылып, ақ тілегін арнап, ақын ағасына деген құрметін білдірді. Ал айтыс ақыны Данияр Нысанғалиев пен кеш қонағының қайымдасып айтысуы кештің көрігін кіргізді. Бұл – буындар сабақтастығының жарқын көрінісі болды.

image-04-09-25-10-50-1
Шара соңында «Еркін микрофон» айдары жарияланып, ақынның жерлесі Жұмағаным Сырымова сөз алып, «Оралдың ерке самалы» әнін шырқады. Сонымен қатар ардагер ұстаз Нұрсұлу Ғалимоллақызы да жүрекжарды лебізін білдірді.
Қорытынды сөзді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева алып, Сағынтай Орынғалиұлына арналған естелік сыйлық табыстаған соң, барша қатысушылар естелік суретке түсіп, әсерлі кештен рухани қуатпен тарқасты.
Кеш кейіпкерінің жырлары алдағы уақытта да тыңдарман жүрегінен орын тауып, ұрпақтан ұрпаққа жететіні сөзсіз.

Сыйлыхан Талапұлы
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале