18.10.2025, 18:00
Оқылды: 108

Жаңақалада «Жыр қыраны – Жұбан ақын» атты байқау өтті

Жуырда Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, халық жазушысы, айтулы ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл толуына орай шығармаларын насихаттау мақсатында «Жұбан оқулары» байқауы ұйымдастырылды.

image-18-10-25-12-20-1

Тартысты дода да барлығы 9 оқушы 2 бағыт бойынша бақ сынасты. Әділдігін танытқан әділқазылар алқасында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Аманқызы, «AMANAT» партиясы Жаңақала аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлбану Сарсенғалиқызы, Жаңақазан ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы, облыстық Абай оқулары байқауының үшінші орын иегері Рауанна Александрқызы, Бірлік ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы, Жұбан Молдағалиевтің 105 жыл толуына арналған «Қазақ барда – Жұбан рухы мәңгілік» атты аймақтық байқауының бас жүлде иегері Гүлбақыт Ғизатқызы, Мәжит Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Теміржанқызы болды. Аудандық кітапхана жүйесінің директоры міндетін уақытша атқарушы Айнұр Қадешқызы құттықтау лебізін білдіргеннен кейін, кітапханашы Саят Ермекқызы «Жыр қыраны – Жұбан ақын» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Қатысушылар реттік нөмері бойынша ақынның өмірі туралы сұрақтарға жауап беріп, байқау шартында көрсетілген ақынның 10 өлеңін жатқа оқыды. Нәтижесінде, 3-орын аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының «Жыр-Тұмар» ақындар мектебінің оқушысы Айару Мұрадымқызына (жетекшісі Салтанат Тастенбекқызы) табысталса, 2-орын Жаңақала мектеп-гимназиясының 10 – сынып оқушысы Аминат Нұрланқызына (жетекшісі Таңшолпан Қаршығақызы) бұйырды. Өзінің алғырлығымен алға шыққан Әліби Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 8 – сынып оқушысы Нұртілеу Нұрланұлы (жетекшісі Жансая Жақсылыққызы) 1-орынның биігінен көрінді. Сондай-ақ, басқа да қатысушыларға алғыс хаттар ұсынылып, барша жетекшілерге сыйлықтар тарту етілді. Айта кетейік, «AMANAT» партиясы Жаңақала аудандық филиалы байқауға қаржылай қолдау білдіріп, жеңімпаздарға 10000 теңге, 15000 теңге, 20000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табыстады. Ұйымдастырушылар алқасы қолдау білдіріп, оқушылардың жігеріне қанат бітірген аталмыш партияның атқарушы хатшысы Гүлбану Дағароваға өз ризашылықтарын білдірді. Ақынның әдеби мұрасын насихаттап, биік рухты жеткізе білген жеткіншектерді жетістіктермен құттықтаймыз.

Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале