20.11.2020, 15:52
Оқылды: 22

Жаңақаладағы аула клубына – 10 жыл

Мектептен тыс жұмыс орталығының жұмысы аудан халқының көз алдында десек қателеспейміз. Бұл орталықтың жаңашыл бастамалары адам қызығарлықтай. Сол игі бастаманың бірі де бірегейі – аула клубы дер едік.

Аула клубына - 10 жыл (2)

Аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры, білікті де білімді басшы Ғазиза Сүлейменованың идеясынан туған бұл аула клубының пайдасы мол. Аула клубының негізгі мақсаты – оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың сан алуан түрлеріне баулу, дені сау, рухы мықты ұрпақ қалыптастыру, ауыл балаларының таңдаулы іс-әрекеттерін таныту. Алғашқы жылы әр көшеден 54 бала құрамына кіріп, екі оқушы көшбасшы ретінде тағайындалған. Жыл сайын балалардың қызығушылығы артып, «Жас қыран», «Жас жалын» атты аула клубтарындағы бала саны  60-тан 200-ге дейін өскен. Аула клубының өрлеуіне алғашқы жетекшілері Бауыржан Ғабдешев пен Есенғали Бисекешев те зор еңбек сіңірді. Аула клубының фестивалі жыл сайын үлкен мерекелік шара ретінде өтіп, оған облыстық білім басқармасының, қала және облыс көлеміндегі аудандардың мектептерінің өкілдері және баспасөз өкілдері, сондай-ақ ата-аналар мен қалың жұртшылық тұрақты түрде қатысады.

Қазіргі таңда аула клубының жұмысы жанданғаны соншалық, ауылымыздың көшелеріндегі жасөспірімдердің қызыға да қуана келетін құтты орнына айналды. Қуаныш пен шаттыққа толы аула клубының ұйымдастыруымен «Ата, әке, бала, немере», «Отбасылық шахмат», «Солақайлар сайысы», «Бұрымды қыз» және жаңа бағыттағы «Ұлттық жекпе-жек», «Жаяу көкпар», «Қыздар футболы», «Хоккей лигасы», «Батпырауықтар», «Еркін көше билері», «Хип-хоп» және тағы басқа тамаша шаралар өткен болатын.

Тынымсыз ізденістің арқасында аула клубы облыс, республика көлемінде де аудан абыройын асқақтатып жүр. Оған дәлел 2014 жылдан аула клубына жетекшілік етіп келе жатқан Мерей Есімов дайындайдын шәкірттер облыстық жарыстардан бірнеше рет жеңімпаз атанып, республикалық додадан жүлдегерлер қатарынан көрініп үлгерді. 2015 жылы «Үздік қосымша білім беру ұйымы» байқауынан аула клубы үздіктер қатарынан орын алып, ІІ орынға табан тіреді. Аула клубының бағыты айқын, мақсаты анық. Аудан намысын абыройлы қорғайтын оқушылар мен жетістікке жетелейтін жетекшілердің еңбектері еселі болғай!

 

Жанайдар Жұмағұлов,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале