26.09.2024, 20:00
Оқылды: 107

Жаңақалаға Мәжіліс депутаты Абзал Құспан келді

Жаңақала ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан келіп, Рухани орталықтың мәжіліс залында аудан тұрғындарымен жүздесті.

IMG-20240926-WA0033

Жиынды аудандық халықтық штабының төрағасы Фазылғали Сапаров жүргізді. Алғаш болып сөз алған халық қалаулысы аман-саулық сұрасқаннан кейін алдағы АЭС салу мәселесі бойынша өтетін Республикалық референдум жөнінде барлық ақпараттар көзінің жеткілікті екенін және Президенттің осындай маңызды қадамды халықтың таңдауына салуын дұрыс шешім деп қабылдайтынын айта отырды. Сонымен қатар Жаңақала ауданы облыс көлемінде басқа аудандармен салыстырғанда еңсесі биік, оқ бойы озық дамып келе жатырғанын да зор мақтанышпен жеткізді. Одан әрі жиынға қатысушылар көңілде жүрген сұрақтарын ортаға салды. Аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қуат Имашев:

- Ауылды дамыту мақсатында бірнеше ауқымды жобалардың уақытында тапсырылмауы үлкен мәселеге айналуда. Күні бүгінде тапсырыс беруші тарап мердігерлердің алдында шарасыз. Сондықтан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту кезінде заң нормаларына өзгерістер енгізілсе,- деп өтінішін жеткізді. Осы сауалға жалғас «AMANAT» партиясы Жаңақала аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Шарафутдин: «жақында жарияланған Президент Жолдауында салық кодексіне де реформа жасау қажет екенін мәлімдегенін, қазіргі таңда конкурс жариялаған кезде мердігердің тапсырыс берушінің жұмысын толықтай атқару қабілеттілігіне емес, салықты көп төлеп отырған орындаушыға басымдық беріліп отырғанын дәлелдермен айта келе, қайта қаралған кезде қаперге алынса» деген ұсынысын айтты.

IMG-20240926-WA0035

Содан соң аудандық мәслихат депутаты Бегайым Төлеуғалиқызы: «Педагог мәртебесін айқындайтын заңда магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 МРП мөлшерінде үстемақы төлену керек екені айтылғанымен, күні бүгінде жүзеге аспай келетінін баяндады». Жиынға қатысушылар тарапынан күрмеуі шешілмеген күйінде тұрған киік мәселесі, кейбір тұстары таң қалдыратын бала құқығын қорғау жөніндегі заңдарға қатысты пікірлер тыңдалды. Барлық сауалдар бойынша тұшымды жауап берген Абзал Темірғалиұлы, қандай заң қабылданса да, сол елдің дәстүріне, менталитетіне сай қабылдану керек екенін және осы мақсатта жұмыстанып жүргенін айтты.

Зара Жәрдемова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале