19.11.2021, 11:50
Оқылды: 33

Жаңақалаға Жапонияның Қазақстандағы өкілетті елшісі келді

Аудандық ауруханаға Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада және оның орынбасары Такасигэ Кобаяси келді. Келу мақсаттары – бұдан 3 жыл бұрын берілген науқастарды тексеруге арналған аппараттардың тиімділігін білу. Оқырмандарымыздың естерінде шығар, 2018 жылдың мамыр айында жапон елшілігінің «Шөп тамыры» қайтарымсыз гранттық бағдарламасына аудандық аурухананың қажеттілігіне байланысты «Видеогастроскоп Pentax EG-2990K KOM/ПР Hoy corparation@ Жапония және видеоэндоскопиялық жүйе» аппаратын алу үшін құжаттар жолданған болатын. 2019 жылдың ақпан айының 26-сы күні Нұрсұлтан қаласында Жаңақала аудандық ауруханасының директоры және жапон елшілігінің арасында келісімге қол қою рәсімі өтіп,  «Шөп тамыры» қайтарымсыз гранттық бағдарламаға ие болған еді.

IMG_8037

Елшіліктен келген қос адамды аудан әкімі Дархан Закарин, аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиев қарсылап, аудандық аурухананың директоры Сержан Есенгубеков емхана ішін аралатып, алынған аппаратты көрсетті. «Шөп тамыры» бағдарламасының үйлестірушісі Әлия Шыңғысбаева жапон елінен келген жандармен арадағы диалогты ауызба-ауыз аударып тұрды.

– Сіздерді «Жаңақала аудандық орталық ауруханасын медициналық жабдықпен қамтамасыз ету жөніндегі 2018-2019 ж.ж. жобаның» аяқталуымен құттықтаймын. Өздеріңіз білетіндей, Жапония Үкіметі жергілікті халыққа тікелей пайда әкелетін жобаларды жүзеге асыруға «Шөп тамыры» бағдарламасы бойынша гранттар бөледі. Қазіргі уақытта Қазақстандағы гранттардың жалпы саны 108-ге жетіп, оның бағасы шамамен 7 150 000 АҚШ долларын құрады.

Оның ішінде Батыс Қазақстан облысында 224 000 мың АҚШ долларына жуық сомаға сіздің медициналық мекемеңізді қоса алғанда, 3 аурухана жобасы іске асырылды.

IMG_8044

Осы жобаны іске асыру шеңберінде эндоскопиялық жабдықты сатып алуға 67 180 АҚШ доллары бөлінді. «Шөп тамыры» бағдарламасы «адам қауіпсіздігі» қағидатына негізделген және адамдар тыныш өмір сүре алатын қоғам құруға бағытталған. Біз Жапония Үкіметінің қолдауының арқасында Жаңақала ауданының тұрғындары басқа медициналық мекемелерге бармай-ақ, сіздің ауруханаңызда диагностика мен емдеуден өту мүмкіндігіне ие болғанына өте қуаныштымыз. Сіздерге мықты денсаулық және ауруханаларыңыздың одан әрі өсіп-өркендеуін тілеймін. Назарларыңызға рақмет, – деді Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямада.

Аудан әкімі және оның орынбасары, аудандық аурухананың директоры Сержан Серікұлы өз кезектерінде жапон еліне, Жапонияның Қазақстандағы елшілеріне алғыс білдіріп, бұл бағдарламаның үлкен көмегі болғандығын жеткізді.

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале