7.05.2025, 18:22
Оқылды: 188

Жаңақалалық ардагерлер арасында волейболдан аудандық турнир өтті

Кеше «Jastar» спорт клубында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Ишанғали Әбуғалиұлын еске алуға арналған ардагерлер арасында волейболдан аудандық турнир өтті.

image-06-05-25-06-20-4

Орал қаласында тұратын жаңақалалық ардагерлерден құралған «Жаңақала жайсаңдары» командасы, Мәстексай, Қызылоба, Көпжасар, Жаңақала ауылдарының құрамалары бақ сынасқан жарыста алдымен еліміздің Мемлекеттік Гимні шырқалды. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Руслан Ғұмар, ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Мұқанов, Көпжасар ауылының әкімі Нұрбол Бектілеу, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Закария Сисенғали, аудандық ардагерлер кеңесі, мекеме басшылары мен ұрпақтары қатысты. Алғысөз ұсынылған Алпамыс Жаңабайұлы мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

image-06-05-25-06-20-1

Өз кезегінде Ишанғали Әбуғалиұлының ұлы Шаһидолла ағамыз: - Әкеміз жетім өсіп, соғысқа қатысып, саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған жан. Шәкірттеріне тәлім мен тәрбиені қатар беріп, қажырлы еңбек етті. Балаларын да ерте жастан еңбекке шыңдап өсірген әкеміздің өмірі біз үшін үлгі-өнегеге толы. Әкеміздің есімін ұлықтап, аудандық деңгейде шара өткізуге атсалысқандарыңыз үшін мың алғыс, - деп аудан әкімдігі мен ұйымдастырушыларға риясыз ризашылығын білдірді.

image-06-05-25-06-21

Тартысты додада ардагерлер бір-біріне дес бермей, әдемі ойын өрнегін көрсетті . Нәтижесінде «Жаңақала жайсаңдары» үздік деп танылса, Қызылоба ауылы 2-орынға, Көпжасар ауылы 3-орынға жайғасты. Сонымен қатар жарыс барысында ерекше көз түскен Нұржан Бердіғалиев пен Рухолла Саматов «Үздік ойыншы», Марат Исмағұлов «Үздік байланыстырушы», Талғат Күнтудаев «Үздік тосқауылшы», Ақниет Қойшығалиев «Үздік шабуылшы» аталымына ие болды. Жеңімпаздарға дипломдар, арнайы медальдар және Ишанғали Әбуғалиұлының ұрпақтарының демеушілігімен қаржылай марапат табыс етілді.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале