Бүгін қайырымдылық айлығы аясында Жаңақала ауданының орталығындағы «Алтын сарай» кафесінің иелері Бауыржан Қисабеков пен Жанаргүл Қадыралиеваның демеушілігімен көру мүшесі зақымдалған І,ІІ, ІІІ топ мүгедектігі бар жандарға арналып дастархан жайылды.
Қазан айының басынан бастау алған бұл шара «Асар», «Сарыарқа» кафелерінде де ұйымдастырылған болатын. Дастархан басында қазақ зағиптар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Болатұлы мерекемен құттықтап, кафе басшылығына мүгедектер және қоғам атынан ризашылығын білдіріп, кафе басшылығына “Қазақ соқырлар қоғамы” қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының басшысы Мұрат Қадірбековтың атынан алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.
Қисабековтар жанұясы өз кәсіптерін бастағанына көп уақыт бола қоймаса да, қайырымдылық айына орай ас беруді дәстүрге айналдырып, қарамағындағы қызметкерлер де сол қағиданы ұстанып, айлық аясында демалыс уақытында жасаған жұмыстарының ақысын алмауды әдет қылған. Кафе иесі Жанаргүл Нұрымқызы қонақтарға өзі қызмет көрсете жүріп, сөз кезегін алып: - Тағдырдың тәлкегіне бойұсынбай, қоғаммен тең дәрежеде араласып жүрген сіздерге ризашылығым шексіз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қашан да сіздерге есігіміз ашық, әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Басымыз тек жақсылықта қосылсын. Қайырымдылық айы аяқталса да қайырымдылық жасау азаймасын» - деп сөзін түйіндеді.
Жанарларынан айырылса да, жүректегі жылулықты сезетін, жігерлері жасымаған жандар ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz