Бүгін 1 қазан – Халықаралық қариялар күніне орай Рухани орталықта аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Қарттарым асыл қазынам» атты мерекелік шара өтті. Жасына лайық оңды ісі, сөзі берекелі, ата-әжелерімізге ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Кештің алғашқы сөзі аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлына беріліп, кеш қонақтарына игі тілегін білдірді. Одан кейін жанды тебіретер әсем әндер орындалып, жиылған қауымның көңілін көтерді.
Одан әрі қарияларға сөз беріліп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. Кеш барысында жастарға өмір жолдарынан жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл – кеңестерін айтты.
Әрі қарай кешке жиылғандар тарапынан мәдениет саласында бірнеше жыл қызмет еткен ардагер Уасиха Махановадан ән айтуын өтініп, қазақтың қара домбырасын күмбірлете әнге қосып замандастарының көңілін бір марқайтты.
- Баршамызға тыныш заман болсын,
Табиғатымыз таусылмайтын ризыққа,
Еліміз ырысқа толы болсын.
Кең даламыз медет болсын,
Ел басы бірлікке себеп болсын.
Жұртымыз табысты болсын,
Жастарға жұмыс көзі болсын,
Қыздарымыз арлы,
Ұлдарымыз намысты болсын.
Мәдениетіміз мәнді болсын,
Тұрмысымыз сәнді болсын.
Бәрін айт та,бірін айт
Дербестігіміз мәңгі болсын! – деп батагөй Зылиха әжей жұршылыққа батасын берді.
Кештің соңында асыл әжелерімізге ақ жаулық, аталарымызға қазақтың тақиясы сыйға тартылды.
Фариза Махамбетова,
Жаңақала ауданы