27.08.2020, 17:25
Оқылды: 87

Жаңақалалық кітапханашы Оралдан олжамен оралды

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай облыстық Жұбан Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен «Абай әлемі» атты интеллектуалды байқау өтті.

Оралдан олжамен оралды

Сайыста Оралдың әр өңірінен 50-ге тарта қатысушы бақтарын сынады. Алғашқы кезең онлайн бағытта жүргізілді. Мәнерлеп оқыған өлеңдері мен шығармаларын саралап, қазылар 10 қатысушыны келесі кезеңге өткізді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл байқау нәтижесінде 4 адам жүлделі оралды. Солардың ішінде жерлесіміз, Жаңақала ауданы, Бірлік ауылдық модельді кітапханасының жас маманы Гүлбақыт Дүйсен I орынға ие болды.

«Бұл – мен үшін зор қуаныш. Ең алдымен әрдайым қолдау білдіретін отбасыма және кітапхана директоры Дина Даниярқызы бастаған ұжым мен қымбаттым Қанапия Тілегенқызына алғыс білдіремін. Артына өшпейтіндей із қалдырған данагөй атамыздың мол мұрасын кейінгі ұрпаққа дәріптеп жүрген өзіміздей кітапханашы мамандар көбейіп, оны санасына сіңіре білетін салиқалы оқырмандарымыз мол болғай», – дейді кітапханашы Гүлбақыт Дүйсен әсері мен алғысын қатар жеткізіп.

Айта кетсек, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне БҚО әкімі Ғали Есқалиев, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен Айтқали Нәріков қатысты.

Әселханым Ғайнеден,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале