4.06.2025, 12:15
Оқылды: 414

Жаңақалалық көп балалы отбасы мемлекеттің көмегімен кәсіп бастады 

Жаңақала ауданында мемлекеттік грант арқылы кәсіп бастап, өз-өзін жұмыспен қамтушылар қатары артып келеді. Солардың бірі - көпбалалы Боқыровтар отбасы. Үкімет тарапынан қолдау көрген жас жанұя 2024 жылы ауданымызда бұрын-соңды  болмаған жаңа кәсіптің көзін тауып,  балалар ойын алаңын ашады. 

3812d255-2a7c-484f-94ca-f20af1cc29a7

2014 жылы шаңырақ құрған Алмас пен Жұмағаным қол қусырып отыруды жөн көрмей, алғашында аудан орталығында  шағын кафе ашып, кейін сүйкімді төрт бүлдіршіннің анасы тәтті нан өнімдеріне үйден тапсырыс қабылдайды. Ал жары Алмас құрылыс саласында қызмет атқаратын.  2019 жылы жас жұбайлар мемлекеттен жұмыссыз жастарға арналған  жалпы сомасы 750 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Ол қаржыға ауыл тұрғындарының қалың киімдері мен күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарын  тапсырыспен жуу мақсатында автомат кіржуғыш машина мен құрылысқа қажетті жабдықтар алып, қазірдің өзінде  құрылыс құралдарын жалға берумен айналысып келеді.

2023 жылы Алмас пен Жұмағаным өзара ақылдаса, ауыл ішіндегі бос тұрған нысанды жалға алып, балалар ойын алаңын ашуды жоспарлайды. Жобалары жүзеге асып,  сол жылы желтоқсан айында «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде 2,5 пайызбен 5 миллион теңге көлемінде несие алып, іске кіріседі. Отбасылық кәсіптеріне Алмастың інісі Асхат та мемлекеттен  қайтарымсыз грант алып, қолдау танытты. Келер жылы маусым айында  әртүрлі батуттар, балаларға арналған пультпен тізгінделетін  бірнеше көліктерді сатып алып, кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайды.

62075ff6-00c5-42b2-ad9e-c573192bdafd

Кәсіп иесі Жұмағаным Тыныштыққызы "Ауыл баласы үшін қаланың тірлігі өзгеше көрінеді.  Өйткені, ойын баласына қаланың әрбір жерінде балаларға арналған орталықтардың саны шексіз-ау, сірә? Ауылда көрмеген ойын алаңдары оларды еріксіз баурайды. Жазғы демалысында балақайлар қалаға ойын-сауық орталықтарын аралау үшін барады емес пе? Біздің де балаларымыз бар, олардың не қалайтынын жақсы білеміз. Жұбайым екеуміз осындай оймен балаларға арналған ойын алаңын ашуды жөн көрдік.  Аллаға шүкір, «сабақты ине сәтімен» демекші, сол ойымыз жүзеге асты. Көптеген ойын аппараттарын алып,  кішкентай бүлдіршіндерді қуанту үшін жұмыс жасадық. Бастаған ісімізді ашық алаңқайда ұйымдастырамыз деп шешіп, қазіргі таңда «Достық» алаңында кәсібімізді жандандырып жатырмыз. Балаларға қажетті қосымша ойын құралдарын алдық. Жаз мезгілінде балмұздақ пен тәтті мақта, попкорн дайындап, сатамыз. Сонымен бірге тек аудан орталығында емес, ауылдық жерлерге де ойын құралдарын апарып, ауыл балаларына тамаша көңіл-күй сыйлап қайтамыз. Күні кеше аталмыш мақсатпен Көпжасар, Қырқопа, Пятимар округтеріне барып қайттық. Күн жылына бастағанда шаруамыз қыза түседі. Тұрақты тұтынушыларымыз да жетерлік, ата-аналар ауылдық жерлерден де балаларын алып келеді.  Жұмыс уақытымыз кешкі  16:00-ден түнгі 00:00-ге дейін. Ауа райы қолайсыз кезде жұмысымызды уақытша тоқтата тұрамыз", - десе, отағасы Алмас Төлегенұлы "Балаларға арналып ашылған ойын алаңы салауатты өмір салты мен мәдени демалыстың қалыптасу орны ретінде белгіленді. Тұтынушылармыз бізге қайтадан келуі үшін барлық жағдайды істеуге тырысып жатырмыз. Бағалары да  қолжетімді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген керемет сөз бар. Акциялар мен әлеуметтік топтағы балаларға арналған қайырымдылық шараларын жиі өткізіп тұрамыз. Атаулы күндері  көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы осал жанұяларға жеңілдіктер қарастырып, батуттарды тегін ашып,  тегін мақта үлестіруді әдетке айналдырдық. Ауыл ішінде жаздық лагерьді батуттарымызбен  төмен бағада қамтамасыз ету жоспарда бар. Орайлы сәтте аудан басшысы Алпамыс Жаңабайұлына шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Жоспарымыздың жүзеге асуына бірден-бір себепші адам. «Кәсіп көкжиегін кеңейтем» деген аудан  тұрғындарына, соның ішінде жастарға қашанда демеу беріп, қолынан келген көмегін аяған емес" - дейді.

cc8e0379-b2f8-4b22-829f-fd34ef07d607

Жұмағаным айтса айтқандай-ақ, кешқұрым кәсіп иелерімен тілдесуге барғанымызда ойын алаңында жиналған халықтың қарасы мол, қос қолына бала жетектеген ата-ананы көрдік. Асыр салып ойнаған балақайлар да дән риза, бөбектерін қуантқан әке-шешенің де көңілдері тоқ, саудасы жүрген кәсіпкердің де жүзі балбұл жанады. Сырттан тамашалаған біз осындай әдемі көріністің куәсі болдық.

-Дана Абай «Әр үйдің бір қызығы бала деген» деп айтқандай, балалардың жүзіне күлкі сыйлайтын ойын әлемінің ашылғанына қуаныштымыз. Бұрын балаларымыз мұндай ойын алаңында тек қалаға барғанда ғана ойнайтын. Ауылда ашылғалы көңілдерін көтеру үшін немерелерімді жиі алып келемін. Аудан орталығындағы тұрғындарға, соның ішінде кішкентай балаларға қажетті кәсіп бастаған Алмас пен Жұмағанымның бастамаларына толағай табыс тілеймін, - деп ойын алаңына немересін алып келген Жұмазия әже  ақжарма тілегін жолдады.

a6eed886-0d5a-454f-84fa-47a1d8f2649c

Заманауи үлгіде сапалы материалдардан жасалған «әткеншекке», «айналмаққа», «сырғанаққа», әртүрлі көліктерге кезек-кезек мініп, мәз-мәйрам болған бөбектердің қуанышында шек жоқ. Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден, олардың шаттанған әрбір сәтіне куә болудан асқан қандай бақыт бар?! Берекелі өңірге мерекелік көңіл-күй сыйлап жүрген кәсіпкер жанұяның ендігі мақсаты - ауылдық жерлерден кәсіптерінің нүктесін ашып, одан әрі дамыту. «Талаптыға нұр жауар» демекші, жұмыла атқарған жұмыс өз жемісін берері хақ. Еңбексүйгіштіктерімен ел назарында болып, көптің алғысына кенелген кейіпкерлеріміздің қалаулары қабыл болғай!

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале