31.12.2020, 9:17
Оқылды: 8

Жаңақалалық майталман спортшының мерейі үстем

Бар ғұмырын аудан спортына арнаған санаулы жандардың қатарында Есекенов Жайсаң Ахметов те бар. Ел аузында «Жайсаң ағай» деген атын қалыптастырған палуан ағамыздың күрескен кездері туралы аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге айтылады. Саңлақ азаматтың аты Жайсаң болса, жаны да жайсаң. Балғын палуаннан ардагер палуанға айналған, бұл күнде ауданымыздың беделді азаматы Жайсаң Ахметұлының осы кезге дейін жеткен жетістіктерін санауға саусақ жетпейді. Айлаға – ақыл, қисайғанға – тез, әлсізге – қорған, дау мен сөзге – қазылық, жұртына – жанашырлық, бедел секілді ізгі қасиеттердің бәрі Жайсаң ағайдың бір бойынан табылады. Ел сыйлайды, шәкірттері құрметтейді, жастар жағы үлгі тұтады. Қашан көрсең де жымиып, хәліңді сұрап, кішіпейілдігінен танбайтын ағамыздың ақырын жүріп атқарған шаруалары мол. Қаңтар айының 1-ші жұлдызы Жайсаң ағайымыз мерейлі 55 жасқа толмақ.

Жайсаң ағай (1)

«Аудан көлемінде ең алғаш «Спорт шебері» атандым»

 - Жаңақала ауданының Айдархан ауылында туып-өстім. Сол жерде білім алдым. Алғаш спортқа баулыған Тәутенов Сүндетқали деген ағамыз еді. Ол кісі бар білгенін үйретті. Айдархан орта мектебін бітіргесін, туған ауылымда 1 жылдай жұмыс жасадым. 1984 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге әскерге аттандым. 1986 жылы әскерден аман-есен оралғасын өзіміздің Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы пединститутқа дене шынықтыру факультетіне оқуға түстім. Ол жерде 4 жыл білім алып, қолыма дипломымды алғаннан кейін туған жерім Айдарханға келіп, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. 17 жыл дене тәрбиесінен мұғалім болдым. Оқушыларға күрес үйірмесін ашып, білгенімді балғын палуандарға үйреттім. Жылдар жылжып өткесін жемісін берді. Одан кейін 9 жыл Айдархан орта мектебінің директоры қызметін атқардым. 2008 жылы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне ауыстым. Спорт мектебінің директоры болып жүріп, жинаған тәжірибемді аудан спортына салдым. Әлі күнге дейін осы салада қызмет етіп келеміз. Менің тәрбиелеген, баулыған шәкірттерімнің барлығы үмітімді ақтады. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өз нәтижесін берді. Өз басым тәрбиеге аса қатты мән беремін. Жаттығу жасатардың алдында тәрбиелік әңгімелер айтып, саналарында қалсын деп бір-екі мысал келтіремін. Бұл өмірде мықты спортшы болғаннан бұрын мықты азамат болу керек. Сонда ғана спорт саласы да, басқа да салалар қарқынды дамиды.

Марапаттау сәтінде

Адамның спорттағы ғұмыры шектеулі ғой. Жастық шағым боз кілемнің үстінде өтті десем, қателеспейтін шығармын. Аудан көлемінде ең алғаш «Спорт шебері» атандым. Оған қол жеткізу оңай болған жоқ. Бір жарыс емес, бірнеше жарыста жеңімпаз болуың керек. «Спорт шеберіне үміткер» болу үшін де 2-3 жарыстан чемпион болуың қажет. Одан кейін республикалық жарыста топ жарсаң ғана спорт шебері атанасың. 1991 жылы республикалық жарыста топ жарып, осы атаққа қол жеткіздім. Барлық кездесуімде жеңіске жетіп, чемпион атанып қана қоймай, ауданнан шыққан тұңғыш спорт шебері болдым. Қандай жарыс болмасын аудан намысын абыройлы қорғадым. Қазақша күрес оң жамбасымызға келетін спорт қой. Ауылдың баласы болғасын күресу қанымызда бар. Өйткені, ауылда таңнан кешке дейін пішен үстінде алысып, құмда күш сынасатынбыз. Соның бәрі біз үшін пайдалы болды, - дейді Жайсаң ағай.

«Спорттан қол үзген емеспін»

- Спорт болғасын бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Үнемі жеңіс сенің жағыңда болмайды. Кейде бабың келгенімен бағың жанбай қалатын сәттер кездеседі. Сол сәтте сынып кетпеу керек. Әр жеңілістен сабақ алып, келесіде қайталамау – менің спорттағы басты ұстанымдарымның бірі. Аудан намысы үшін әлі күнге күресемін. Ардагер спортшылардың арасында жыл сайын облыстық, республикалық жарыстар тұрақты түрде өтіп тұрады. Қалып көрген жоқпын. Жарыс болардың алдында қызу жаттығуға кірісіп, жүгіріп, өзімнің жиі жасайтын әдістерімді қайталаймын. Әйгілі Брюс Лидің: «Мың әдіс білетін емес, бір әдісті мың рет қайталайтын адамнан қорқамын!» деген сөзі бар ғой. Қарсыластарды ұту үшін бір әдісті бұлшық еттерім жаттап алғанша, автоматты түрде жасайтын дәрежеге дейін жеткізуге тырысамын. Ардагерлер арасындағы жарыстар жоғары деңгейде өтеді. 50-55 жас аралығындағы ардагер палуандар күресіп жүрміз. Бұрын жас кезімізде күрескен замандастарымызды көріп, бозкілемде бақ сынасып, бір жасап қаламыз. Спорт адамды бауырмалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелейді. Менің ең жиі жасайтын әдіс-тәсілдерім жамбас, орап алға немесе артқа лақтыру. Есімде ерекше сақталған бір оқиғаны айтып берейін. Күресіп жүрген кезімде кезекті жарыстардың бірінде финалдық кездесуде Жымпитының тастүлегі, ҚР спорт шебері Оралбек Қожагелдинді жеңдім. Бұл мен үшін зор мәртебе еді. Оралбек марқұммен етене жақын араластым. Қолындағы барын беретін, адамдарға қолұшын созуға әзір тұратын мықты азамат еді. Әрине, ғұмыры қысқа болғаны өкінішті. Оралбек бауырым кейін Жаңақалаға іздеп келіп күресіп, кері жеңіп алды. Маған дейін ешкімнен ұтылып көрмепті. Тірескеннен-ақ мықты екенін анық байқайсың. Белдескеннің белін сынайтын, ұстасқанның мысын басатын Оралбектей азаматтар қазақта көп болса дейсің іштей, - дейді.

«Палуанға салмақ қуған кері әсер етеді»

- Қазіргі кезде финалдық белдесулерде жеңісті бере салу белең алды. Былайша айтқанда әдейі жеңіліп қалу деген ішінара кездесіп тұрады. Өз басым бұнымен келіспеймін. Бір елдің абыройы үшін шығып тұрғасын, барыңды салып күресуің керек. Жиналған халық та «Кім мықты күрес көрсетер екен?» деп келетіні жасырын емес. Жарыс болғаннан кейін бәрі таза болғаны жақсы. Өз ойым осындай. Ұтылғаннан сабақ алған палуан болашақта мықты болары һақ. Өзіміз азаматтық борышымызды адал атқарып, күрескенде барымызды салдық. Палуанға салмақ қуып күрескен қиындау. Шама келсе өз салмағына күрескені жақсы. Салмақ қуған спортшы әлісіреп қалады. Сол себепті 1-2 келіден артық қумаған жөн, - деп ой сабақтайды ардагер спортшы.

«Күрестегі төрелік жақсарды»

- Қазіргі таңда қандай күрес түрі болмасын төрелік жағы жақсарды. Табло, күресті үлкен экранға көрсету, алған ұпайларын әділ беру деген сынды дүниелер біраз жақсарды. Оның сыртында әр жаттықтырушы өзінің дайындап апарған палуанын смартфонына таспалайды. Көрермендер жағы да әділетсіздік болса шу ете қалады. Ұпайды есептемеу қалу, әділетсіздік жасау деген нәрселер жоқ. Төреші аңғармай қалса, жаттықтырушылар барып айтады. Олар камераны кері айналдырып дұрыс шешімін шығарады, - деп ой түйіндеді спортшы ағамыз.

«Ұлдарым әке жолын жалғастырды»

- Үлкен ұлым Дастан спорт саласының маманы. Сол салада қызмет жасап жатыр. Ұлттық спортымыз «теңге ілу», «аударыспақ» сынды спорт түрлерінен өте жақсы жетістіктерге жетті. Екінші ұлым – Рамиль де мектеп кезінде жақсы күресті. Қазір басқа салады. Ерасыл атты ұлым күресті өзі таңдады. Қазір Көкшетау қаласында білім алып жатыр. Өзінің институтының атынан жарыстарға шығып, күресіп жүр. «Қазақстан барысының» облыстық жарыстарында бақ сынап жүр. Аяқ алысы жаман емес. Ұлдарымның мамандығына қарсы болған жоқпын. Жүрек қалауларымен барған салаларында нәтижелі жұмыстар жасап келеді, - дейді ағай.

«Жөндеуден өткен ғимаратымыз – жаңа серпін берді»

- Көпшілігі біледі, ауданымыздағы спорт мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Оған дейін төбесінен су кетіп, жаттықтырушыларды әбігерге салған еді. Қазір шүкір, кең әрі жарық барлық жағдай жасалған ғимаратта отырмыз. Талай жаңбырда төбесінен тамшы су кеткен жоқ. Басы-қасында жүрдік, қадағаладық. Қара жұмыстың басым бөлігін аудан азаматтары істеді. Оларға ризамын. Күрделі жөндеу жұмыстары басталған еңбек демалысына шығуым керек еді, бірақ бастан-аяқ осы жерде жүрдім. Үш ай бойы жөндеу жұмыстары көз алдымда өтті. Қолымыздан келетін көмекті аяған жоқпыз. Соның нәтижесінде сапалы шықты. Ұжымға, жаттықтырушыларға әрі оқушыларға да сондай қолайлы. Болашақта осы мектептен әлі талай мықты палуандар, көптеген чемпиондар шығады деген сенімдеміз, - деген Жайсаң ағай болашаққа үлкен сеніммен қарайды.

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале