Бүгін Орал қаласында облыстық «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» атты ұстаздар арасында байқау өтті. Мақсаты – қазақ тілі мен әдебиеті және математика пәні мұғалімдерінің кіріктірілген тапсырмалары арқылы педагогтердің оқу сауаттылығы мен логикалық ойлау қабілеттерін арттыру, күрделі тапсырмалардың шешу жолдарын үйрету арқылы қолдау көрсету.

Жұптық, топтық және финалдық кезеңнен тұрған білімділер додасында Жаңақала ауданы бойынша 5 қазақ тілі мен әдебиеті және 5 математика пәнінің мұғалімдерінен құралған команда сынға түсті. Бақтары мен баптары, білімдері мен тапқырлықтары өзара келіскен жаңақалалық педагогтар сайыста өзгелерден оқ бойы озық шығып, бас жүлдеге ие болды. Республикалық кезеңге жолдама алған ұстаздар қауымы бұл сыннан да сүрінбей өтіп, терең білімдерін тағы бір мәрте дәлелдейтін болады.

Ұстаздардың бұл жеңісі – Жаңақала ауданы абыройының асқақтауы ғана емес, білім сапасының артуына сүбелі үлес қосып жүрген мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің жемісі.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы