15.06.2020, 12:05
Оқылды: 296

Жаңақалалық түлектер қандай мамандықтарға иек артуда?

Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау десек қателеспейміз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау.  Бұл өте жауапкершілігі мол әрі маңызды іс. Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып саналатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Әлемде 40 мыңға жуық әртүрлі мамандықтар бар екен.

Maman

Статистердің зерттеуі бойынша жыл сайын 25 млн. адам өзінің жұмыс орнын ауыстырып, оның 12 пайызы қайтадан өз орнына қайтып оралады екен. Бұдан мамандықты таңдауда әр маман қателесіпті деуге бола ма? Әлде өзінің болашақтағы кәсіби қызметіне жан-жақты дайындалу керек шығар?! Қоғамға, адамдарға пайдасын тигізетін мамандықтарды қалай таңдауға болады?

Мамандық таңдау жасөспірім шақтағы ең маңызды шешімдердің бірі. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықтан өзіне лайықты біреуін таңдау міндеті тұрады. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл жай күнелту, тамақ асыраудың жолы ғана емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кейбір жастар мамандық таңдау ережесін білмегендіктен өзі қызықпайтын мамандықты таңдайды. Осыдан өз мамандығына қанағаттанбаушылық, реніш сезімдері болып, тіпті алдарына жоспар да құрғысы келмейді. Әрбір адам өзін-өзі дамыту үшін білім алып, соған сай мамандыққа машықтану керек. Жүрек қалауымен таңдаған мамандық қана өмірдің жарқын бастауы болмақ. Себебі адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Алар асу да, ұшар биік те алынбас қамал болып көрінгенімен, күнделікті кездесіп жататын кедергілер мен қиындықтарды өз мамандығын сүйетін, содан ләззат алатын маман ғана жеңіп шығатыны бесенеден белгілі. «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзінің ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет» деген Жүсіпбек Аймауытов жастардың мамандық таңдауда адаспай, жүрек қалауына жүгінуіне бағыт сілтейді. Бұл орынды. Себебі қазіргі мектеп бітірушілердің 70-80 пайызы нақты қай мамандықты таңдарын білмей, екі ойлы жағдайда жүр. Бұған бір жағынан еліміздегі әлеуметтік жағдай да себепкер ме деген ойға қаласың. Ақылы оқуды оқытуға шамасы келмейтін, қалтасы жұқа қарапайым жұрт қай мамандық болса да диплом алып, ең бастысы «балам грантқа түссе екен» деп армандайды. Сол себепті грант көп бөлінетін пәнді таңдап жатады. Байқап қарасақ, оқушылардың басым бөлігі өздеріне ұнайтын мамандықты таңдамай, Ұлттық бірыңғай тестке кіретін таңдау пәндерінің ішінен өзінің шамасы келетін, жеңілдеу пәнді таңдайды. Мақсат – ҰБТ-дан аман-есен өтіп, жоғары оқу орнына түсу. Армандарына қол жеткендей болғанымен, ол мамандықты ұнатпай, оқуды тастап кетіп жататындар да баршылық. Әу баста кеткен қателіктің салдарынан өмір бойы опық жесе, екінші ұшы грантты ұтуға балы жетпей, тегін оқуға іліге алмағандарға тиіп жатады.

Қазір жастардың дені қарапайым мұғалім болудан қашады. Олардың пайымдауынша, ұстаздықтың жұмысы ауыр. Алайда білікті маман қай жерде де абырой-беделге ие болып, ақша таба алады. Бүгінгі таңда өз мамандығын сүйген, соның шебері болған ұстаздар курстар ашып, үлгерімі төмен балаларға қосымша сабақ беріп, бітірушілерді ҰБТ-ға дайындап, қомақты ақша тауып жүр. Демек ең бастысы – өз ісіңді сүйіп, сол ісіңнің шебері болсаң, ырыс-несібең арта түсері анық. Мақаланы жазу барысында Жаңақала аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Айдар Қаресовке хабарласып, «Жаңақалада  қандай мамандықтар сұранысқа ие?», «Қай салаға маман тапшы?» деп сауал жолдаған едік.

– Жас түлек үшін болашақ мамандықты таңдау – өмірлік жолын дұрыс таңдаумен бірдей. Енді аз ғана уақыт қалған ҰБТ күні де таяп келеді. Түлектер тек грантқа ие болсақ, болды деп жүре бермей, ертең ол мамандыққа сұраныс барма, бітірген соң жұмыс таба аламын ба деп ойланып, дұрыс таңдау жасаулары қажет деп есептеймін.  Бізге келіп түскен вакансиялар бойынша дәрігерлік мамандықтар, оның ішінде хирург, акушер-гинеколог, мейірбикелер жетіспейді. Сонымен қатар ауданда есепші мамандығы тапшы, – дейді бөлім басшысы А.Қанатқалиұлы.

Тағы бір айта кететін жайт, ата-ана баласын міндетті түрде жоғары білімді маман болу керек деп жанталасады. Барын сатып болса да, университетте оқытуға тырысады. Ал баланың қарым-қабілетін ескермейді. Салдарынан қолында дипломы бар біліксіз мамандар көбейеді. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген дана халқымыз. Одан балаға да, қоғамға да пайда жоқ екеніне мән бермейді. Ата-аналар баланың жоғары білімді маман атануы міндет емес екенін түсінуі керек. Ең бастысы білікті маман болу маңызды екенін ұғынатын кез жетті. Ендеше, өз ісіңнің нағыз шебері бола алатын мамандықты таңдауға әлі де кеш емес, жас түлек!

P.S. Әлемде өзі қаламайтын мамандық иесі болып жүрген қаншама адам бар, өз жұмысын жанымен сүйіп істейтін адамдардың да саны аз емес. Мамандық таңдаудан жаңылмай, өз өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалауыңызға тілектеспіз.

 

Гүлсара Жасқаламқызы, Жаңақала мектеп-гимназиясының мұғалімі:

– Мамандық таңдау – әрбір мектеп түлегінің алдында тұрған ең маңызды мақсаттардың бірі. Сондықтан мектеп бітіруші түлек мамандық таңдауда өзінің қызығушылығы мен қабілетін басты назарда ұстау қажет. Осы аталған қасиеттері оның болашақ кәсібімен үйлесім тауып жатса, бұл оқушы нағыз маман иесіне айналары сөзсіз. Қазіргі таңда елімізде және әлемде болып жатқан пандемияның өзі қандай мамандықтардың өте тапшы екендігін байқатып отыр. Біріншіден, қоғамға қажетті мамандықтар қатарына осы IT саласының мамандарын айтар едім. Ал екіншіден, жаратылыстану бағытындағы пәндерді таңдай отырып, осы бағыттағы ғылым саласы, өнеркәсіп, өндіріс салаларындағы маман иелері қазіргі мемлекетіміздің экономикалық саясатын жүзеге асыруда қажет болып тұр. Мектеп бітіруші түлектерге болашақта өзіне, сондай-ақ қоғамға пайдасы тиетін кәсіпті жүрек қалауымен таңдау керек деген ақыл-кеңес берер едім.

 

Мадина Ақмергенқызы, биылғы «Алтын белгі» иегері:

– Мен маркетинг және менеджмент маманы болғым келеді. Себебі карантин уақытында интернет сауда қарқынды дамыды және қажеттілік туды. Қазақстандық жастар арасында SMM мамандығы кең етек алды. Осы жағдай мені қатты қызықтырды. Бұл салада жұмыс жасайтын адамдардың аналитикалық ойлау, жоспарлау іскерлігі дамиды және адамдармен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Бұл мамандық арқылы өзің табыс тауып жүріп басқа адамның кәсібін өркендетесің.

Ерен еңбектің нәтижесінде еліміздің экономикасының дамуына үлкен үлес қосамын. Қазіргі жастар, біз үнемі интернет желісінде отырамыз, телефонсыз жүре алмаймыз. Басқалары интернет желісінде қызықты видео, кино көріп уақыт өткізсе, маркетингпен айналысатын адам өзінің жұмысын жасап интернет пен телефонды пайдаға асырады.

Ақсәуле Сексенбайқызы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале