Жастар – қоғамдық өмірдің қозғаушы күші. Бүгінде жастардың мемлекет өміріндегі кез келген мәселелерге білек сыбанып араласуына мүмкіндік беріліп отыр. Сол арқылы жарқын болашақтың кепілі – жастарға жаңа белестерді бағындыру міндеті де жүктелді. Бүгін әдеттегідей «Сары-арқа» мейрамханасында «Жыл үздігі – 2024» жастар сыйлығын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Аталмыш жүлде жыл бойына Жаңақала ауданындағы жастар қозғалысының дамуына белсене араласып, әр салада өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, белгілі жетістіктерге жеткен жастарды анықтау, болашаққа деген ынта-жігерін жағып, елдің экономикалық, саяси, мәдени өміріне белсенділіктерін арттырып, жас буынның патриоттық сезімдерін нығайту мақсатында еңбек сіңірген әр саланың үздік жаңа есімдеріне берілер арнайы құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылып келеді.
Салтанатты шараның ашылуында сөз алған аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев ауданымыздың үздік атанған жастарын құттықтап, жүрек жарды тілегін жеткізді. Әрі қарай шара үздіктерді марапаттаумен жалғасты. «Үздік жас ұстаз» Шапағат Ермекқалиев, «Үздік оқушы» Дастан Қыден, «Үздік кітапханашы» Кәрима Даулетиярова, «Үздік жас кәсіпкер» Әлия Каримова, «Үздік жас балабақша тәрбиешісі» Гульназ Абдрахманова, «Үздік жас өнерпаз» Махамбет Нұрахметов, «Үздік студент» Әли Батырғазы, «Үздік жас спортшы» Мирас Тасқайыр, «Үздік жас дәрігер» Айнұр Бірманова, «Үздік жас спорт жаттықтырушы» Азамат Бегалиев, «Жыл жаңалығы» Айбатыр Миразат марапатталды. Сонымен қатар ауданымыздың белсенді жастарын аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ибраев, Батыс Қазақстан облыстық филиал төрағасы Дулат Мақатовтың атынан алғыс хаттарды табыстады.
Шара соңында ауданымыздың өнерпаздары үздіктер құрметіне арналған кешті ән мен әсемдеп, шараның шырайын кіргізді.
Аруғаным Қазиева,
Жаңақала ауданы