Сәуір айының он алтыншы және он сегізінші жұлдызы аралығында Ресей Федерациясының Кемерово қаласында самбодан халықаралық гран-при турнирі оздырылып, 8 мемлекеттен спортшылар бақ сынады. Күрес шеберлері арасында қазақ елінің туын көкке желбіретіп, биік белестерді бағындырып жүрген жерлесіміз Жалғас Тілекқабылов та намысты қолдан бермей, аталмыш додада палуандармен белдескен болатын. Жалғас Әділсейітұлы 58 келі салмақта бозкілемге шығып, бапкерлерінің шыңдауының нәтижесінде үшінші орынды қанжығасына байлады.
- Ең алғаш рет 3-сыныпта спорт әлеміне деген қызығушылығым оянып, дзюдо күресіне қатыстым. Сол кезден бастап күрес өнерінің әліппесін үйреткен алғашқы жетекшім Ернар Ғұбайдуллинге алғысымды білдіремін. Уақыт өте келе танымал спорт түрі қазақ күресіне ауысып, аға жаттықтырушы Замир Батыровпен бірге аудандық, облыстық, республикалық додаларда бақ сынасып, жүлдегер атандым. 2018 жылы мектеп қабырғасынан студенттік өмірге қадам басып, Райбек Меңдіғалиев пен Нуфтолла Түменов және Бірлес Есенғалиев сынды талай алыптар мен чемпиондарды дайындаған жаттықтырушылармен бірге әлі күнге дейін жұмыс жасап келемін. Тұтас қазақ елі мақтан тұтарлықтай азамат болып, Әлем чемпионы атансам деген мақсатымды алға қойып, қиындыққа мойымай нық сеніммен жүрмін, - дейді Батыс Қазақстан облысы аграрлық-техникалық университетінің 2-курс студенті Жалғас Әділсейітұлы.
Бұл Жалғастың алғашқы жеңісі емес екені анық. Жас спортшы Қазақстан чемпионаттарында жүлдегер болып, Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионатында қола медальмен марапатталса, 2023 жылы Жауынгерлік Самбо күресінен Қазақстан жастары арасынан күміс жүлдегері атанды. Араға екі ай салып, Татарстан мемлекеті Казань қаласында өткен додадан бос қайтпай, қола жүлдемен елге оралды. Сонымен қатар, Шымкент қаласында өткен Қазақ күресінен ересектер арасында үшінші орынды қанжығасына байлады. Жаңақалалықтар Жалғаст мұнымен тоқтап қалмай, ел атағын шығарар мықты спортшы болады деп сенім артады.
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы,
zhaikpress.kz