Кеше облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның халық жазушысы, кемел тұлға, Мемлекеттік сыйлықтың, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған «Қадыр қазына» жобасы аясында Жаңақала көркемөнерпаздарының «Ауыл – атамекен пернесі» атты концерті өтті.
Жұртшылыққа ең алдымен шашу шашылып, дүйім халыққа ақ дәм тарту етілді. Жампоз ақын, жасампаз қаламгер бала Қадырден дана Қадырге дейін өмір иірімдерін сахнада әдемі суреттей келе, жаңақалалық өнерсүйер жандар ұлы ақынның шығармашылығын насихаттайтын сазды кештің шымылдығын ашты.
Қазақтың біртуар перзенті, Ақжайықтың мақтанышының туғанына 2025 жылы 90 жыл толады. Ән шашулар төгіліп, мың бұралған бишілер мен күмбірлете күй төккен домбырашылардың туындылары да ел құлағына жетті. Сонымен қатар, Қадыр рухына арнап жаңақалалық ақын әрі жазушы Закария Сисенғалидың сөзіне жазылған «Қадыр ақын – қыран жыр» әні шырқалды. Көрерменнің көптігі мен қошеметтің мықтылығы ерекше көңіл күй сыйлады. Әрі қарай, тарих беттеріне шолу жасалып, ақынның түрлі естелік бейнелері мен өсиет сөздері көрсетілді. Иә, жыр жазғанда төгілте шумақтап, халық жүрегінен ойып тұрып орын алатын өнер иесінің аты ұлықталып, мадақ үстіне мақтау айтыла берді.
Жас өнерпаздардың көркемсөздерді мәнерлеп оқып, нақышына келтіре орындауын зер сала тыңдап, жиналған қауым бір серпіліп қалғандай. Кеңес Одағының батыры, ұлы жазушы Бауыржан Момышұлы айтқандай, «қалам қылыштан да қаһарлы қару». Айтқандай – ақ, орындалған туындының барлығы дерлік қазақ әдебиетінде өзіндік орны мен атын қалыптастырған ұлы тұлғаның өзінің көркем жазбалары.
Мерекелік шара орнында, яғни аталмыш өнер ордасында әр апта сайын облыс аудандарының концерттерінің кезекті бір туындысы деп білсек те болады. Жыл бойы Қадыр шығармашылығын насихаттауда жүргізілген іс-шаралардан талай алып пен дүлдүлдердің мекеніне айналған Жаңақаланың жайсаң жандары да қалыс қалған емес.
Мерекелік кеш соңында Жаңақала ауданы көркемөнерпаздарына облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының атынан ықылас гүлі табыс етіліп, аудан әкімінің орынбасары Руслан Қонысбайұлына сөз берілді. Сонымен қатар, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы директоры Серік Әнуарұлына аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Осылайша, ұлы өнерді жандарына серік қып, дана да дара өлкенің өнерпаздарының Ұлы Қадыр шығармашылығына арналған концерті өз мәресіне жетті. Ақжайықтың жайдарлы көрермендері әр өнерді нақышына келтіре орындаған жаңақалалықтармен қимай қоштасты.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы