«Тәуелсіздік» саябағында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Жаңақалам ән мен күйдің бесігі» атты көңілді кеш өтіп, балақайларға түрлі ойындар ойнатылды.
Кеште Темірлан Сыралиев күй анасы Динаның «Науысқы» күйін күмбірлетсе, «Қазақстан» әнін Нұршат Шамұрат, Аянат Мерекеқызы әуелете түсті. Кеште «Жеті лақ» ертегісінің кейіпкерлері өнер көрсетіп, балалармен естелік суретке түсті.
К.Жексенғалиева «Бұл өмірде», Ж.Шукина «Мама», Г. Ғиззатқызы «Жақсы адамдарым», Т.Қайырғалиұлы «Oh my lovе» әнін орындады. «Гүлдәурен» би ансамблі «Ұлытау» биін билеп, кештің одан әрі реңін келтірді.
«Ақын өлеңін жатқа айтып, сыйлығынды таңдап ал» айдарында мектеп оқушылары Абай, Мұқағали, Жұбан ақын өлеңдерін жатқа айтып, сыйлықтарға ие болды.
Кешке жеке кәсіпкерлер Гаухар Ирманова, Гүлбану Сабырғалиева, Арайлым Сариева, Бақытжан Жұмасалихов, Қобылан Орынбаев, Бауыржан Қисабеков, Алтынбек Мергенов, Саламат Сертеков, Мереке Бақытов, Азамат Садықов демеушілік білдірді.
Шара соңында Жаңақала мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы, 8 жасынан бастап 50-ден астам кітап оқыған Мирас Айша Мәдиқызы 2022 жылғы «Ең үздік оқырман» номинациясының иегері атанып, сыйлыққа велосипед табысталды.
Дилназ Дидарқызы,
Жаңақала ауданы