Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылында ақ түйенің қарны жарылып, ауыл тұрғындары көптен күткен тарихи күн болды.
Замануи үлгіде бой көтерген су жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, ауыл халқының игілігіне табысталды. Жаңа кешеннің қолданысқа берілуі – ауыл тұрғындарының денсаулығын арттыру, жүйелі түрде спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік. Жаңа нысан тек жаңақазандықтар емес соған жақын елді мекен балалары үшін де қызмет етпек. Сондықтан ынтасы зор жастардың еркін түрде спортпен айналысуына мүмкіндік көзі ашылып отыр.
Еркін күрестен машықтанып жүрген жас шәкірт Мадияр Арматұлы:
– Мектеп залында дайындық жасайтын балалар көп болғасын, кейде кезекпен күтіп қалатынбыз. Енді спорт кешенінде кең алаңда жаттығамыз. Мен өте қуаныштымын. Бізге жаңа спорт кешенін тұрғызып, керемет жағдай жасап бергені үшін ағаларымызға көп рақмет, - деп өз қуанышын жеткізді.
Жалпы жаңа ғимараттың құны 215 миллион 376 мың теңгені құрайды. Жоба мердігері «Ақтөбе Мұнай Логистик» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен жүзеге асып, осы жылдың маусым айында құрылысы басталып, халық игілігіне бүгін табыс етіліп отыр.
Жалпы аумағы 712,26 шаршы метрді құрайтын кешенде кіші футбол алаңы, волейбол және баскетбол орындары, теннис корты және еркін күрес алаңы мен шахмат ойнау бөлмесі кіреді. Сондай-ақ, нысан барлық қажетті спорттық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген.
Бүгінгі ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейірболат Сағынғалиұлы, аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы, маслихат хатшысы ,аудан әкімінің орынбасарлары және аудандық мекеме, кәсіпорын басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Спорт кешенінің атауы қоғамдық аудандық кеңестің мүшесі Сатым Абуовтың құрметіне берілген.
Сонымен салтанатты жиынның алғашқы сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповқа беріліп, ауыл халқын құттықтап, игі лебізін білдірді. Әрі қарай Жаңақала ауданындағы есептік кездесулерде көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – Жаңақазан маңындағы 51809 әскери бөлімі қалашығындағы оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыру жағдайы өз шешімін тауып, Мәжит Жүнісов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Лунара Ануарқызына аталмыш ауылдың әкімі жаңа автобустың кілтін табыстап, ауыл тұрғындарының қуанышы одан әрі еселене түсті.
Келесі кезекте жаңа ғимараттың кілтін Сәдуақас Болатұлы табыс етті. Одан әрі Сатым Абуовтың шәкірті Айдынғали Оңайов ағамыз құттықтау сөзін алып, облыс әкімінің орынбасарымен бірге спорт кешенінің лента қию рәсімін жасады.
– Біз Сатым Абуовтың ұрпақтары боламыз. Әрине, спорт кешені салынады деген хабарды естіген кезде төбеміз көкке жетті. Әкеміздің білім саласында, қоғамдық істерде үлесі зор. Спортты жан-тәнімен жақсы көріп, бар күш-қуатын арнаған адам. Барша осы жаңа ғимараттың бой көтеруіне үлес қосқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Еңбектері жемісті болсын. Қазіргі уақытта аталарының жолын қуып, немересі Мырзабек Сатимов және жиені Марлен Сағындықұлы спорт саласында өз бақтарын сынап, мақтанышымыз болып жүр. Барша ауыл тұрғындарын бүгінгі қуанышты күнмен құттықтаймыз, - деп Абуов жанұясы ыстық ықыластарын білдірді.
Осындай игілікті іске қуанған ауыл тұрғындары зәулім спорт кешенінің ашылу салтанатына тайлы-тұяғымен түгел жиналып, бір кісідей ризашылықтарын білдірді.
Жаңадан есігін ашқан спорт кешені дүйім халықтың салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына сенеміз.
Фариза Эдикқызы
Жаңақала ауданы