Бүгін Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылының М.Жүнісов атындағы ЖОББМ-нде дәстүрлі соңғы қоңырау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев арнайы қатысып, мерекелік құттықтауын жолдаған соң, бір топ ұстазға алғысхат табыс етті.
Еліміздің Гимнымен ашылған шарада мектеп директоры Лунара Жұмағалиева, ұстаздар мен ата-аналар да жас түлектерге сәт сапар тіледі. Сондай-ақ 5, 20, 30, 40 жыл бұрын білім ордасынан үлкен өмірге қадам басқан түлектер де лебіздерін білдіріп, 5 жылдық түлектер білім ұяларына (оқу озаттарына, дарынды оқушыларға арналған) ақпараттық стенд, 10 жылдық түлектер балабақшаға әткеншектер тарту етсе, 20 жылдық түлектер ауылдың кіреберіс 3 шақырым жолының бойына құны 3 миллион теңге тұратын 65 дана электр жарығын орнатты.
Ал 30 жылдық түлектер мектептерін спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етсе, 40 жылдық түлектер ауылға 12 қанатты киіз үйді сыйға тартты. Айта кетелік, округ бойынша 22 мектеп бітіруші түлектің екеуі Алтын белгі, біреуі үздік аттестат үміткері.
Жиың соңғы қоңырау рәсімімен және мектеп түлектерінің вальсімен аяқталды.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы