21.10.2021, 20:08
Оқылды: 44

Жаңақазандықтар жарап тұр

Жақсылық жасау кез-келген адамның қолынан келеді. Бірақ оны тек адамгершілігі жоғары, рухани әлемі бай, иманды, жан дүниесі таза адамдар ғана жасайды. Ондай адамдар басқаның жағдайын өзінікіндей шынайы, жүрегімен қабылдайды. Қандай қиын болса да амалын табуға тырысады. Біреу сөзімен жәрдем берсе, біреу ісімен шарапатын тигізеді.

WhatsApp Image 2021-10-21 at 20.05.51

Менің мақала жазуыма себеп болып отырған жай - жаңақазандық азматтардың ауыл тұрғынына жасаған ізгі ісі.

Жаңақазан ауылының тұрғыны Молдағалиев Айбар ағайдың үйі ресми түрде апатты жағдайда деп танылғанына біраз уақыт болған болатын. А.Молдағалиев өзі денсаулығына байланысты ІІІ топ мүгедегі, жолдасы М.Жүнісов мектебінде кіші қызметкер болып жұмыс жасайды. Көпбалалы отбасына жатады.

«Көп түскірсе – көл» дегендей, ауылдастарымыздың бірлігінің, ұйымшылдығының арқасында биыл, қыркүйек айында аталған отбасы үйлі болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана қазақ. Ауылдастарымыздың ізгі ісі өзгелерге үлгі болсын деген бағытта осы қайырымды іске атсалысқан қожалық басшыларын атап өтуді жөн санадым. Қандай іс жасалмасын басында ұйымдастырып, шауып жүретін бір адам болады. Айбар ағамыздың отбасы өзінің жаңа үйіне кіргенше ізгі істі бастап соңына дейін жүрген «Темірхан» шаруа қожалығының басшысы Жайлыхан Жубаналиев, бір ауыз сөзге келмей қолдау көрсеткен «Шайхыбай» ШҚ басшысы Серік Қарағойшин, «Ишанғалиев» ШҚ басшысы Лұқпан Ишанғалиев, «Али» ШҚ басшысы Айдынғали Оңаев, «Бейбарыс» ШҚ басшысы Ерлан Хамиев, «Байрамғалиев Б» ШҚ басшысы Бакытжан Байрамғалиев, «Ералы» ШҚ басшысы Асылбек Әжғалиев, «Бексұлтан» ШҚ басшысы Жақсылық Жомартов, «Кенжекеева.Б» ШҚ басшысы Мырзахмет Бияшев, «Елекенов» ШҚ басшысы Манарбек Елекенов, «Жүніс» ШҚ басшысы Сарсенбай Куседенов, «Ибраһим» ШҚ басшысы Руслан Урахаев, «Гатауолла» ШҚ басшысы Дастан Тлепбергенов, «Айзере» ШҚ басшысы Нұржан Нигметжанов, «ДАУЛЕТХАН АГРО» ЖШС басшысы Хайруллин Жангелді, «Жангелды» ШҚ басшысы Нұржан Батыргалиев, «Зада» ШҚ басшысы Абылайхан Әзірбеков, «Габдуллин» ШҚ басшысы Ержан Габдуллин, «Кабдиров.С» ШҚ басшысы Сабыржан Таскалиев сынды азаматтарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сонымен қатар ауыл тұрғындары да (жұмыстастары, ауыл азаматтары) ұйымдасып мүмкіндіктерінше қаржылай қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Шаруа қожалық басшылары мен ауыл тұрғындарының ұйымдасуы мен ауыл әкімінің қолдауының нәтежиесінде бір апта ішінде, нақтырақ айтсам қыркүйек айының 9-күні Молдағалиевтер әулетіне жаңа үйдің кілті табысталды. Күні бүгін көпбалалы отбасы жаңа үйлерінде тұрып жатыр.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осы отбасының арманын орындап, баспаналы болуға атсалысқан әрбір азаматқа жасаған ізгі істеріңіздің сауабын Алла тағала еселеп қайтарсын дегім келеді.

Ақжарқын Әміржанқызы,

Жаңақазан ауылы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале