Шыңғырлаулық азамат Александр Рудьты жұрт жақсы таниды. Оның еккен бау-бақшасының өнімдерін ұзақ жылдар бойы тұрғындар тұтынып келеді. Тіпті қарбыз-қауындарын Ақсай, Орал қалалары мен жақын орналасқан аудандарда да тонналап алып, тапсырыс беріп келеді.
«Гефест» шаруа қожалығының өндіріс көкжиегі де кең. Мысалы тек бау- бақшамен ғана емес, халыққа пайдалы деген жұмыстың бастамасын үнемі көтерумен келеді. Нақтырақ айтсақ, Жаңакүш маңындағы су қоймасының да бос қалмауын қадағалап, аң-құсымен қоса, судағы балыққа да «бас-көз» болып жүр. Бұған дейін де Жаңакүш су тоғанындағы балықтардың түр-түрін білгенімен, оның жыл сайынғы өсімі және кейбір қорғауды, көбейтуді қажет ететін балық түрлерінен де хабары бар Александр Рудь балық шаруашылығын қолға алған болатын.
Мінекей, ауылына жанашыр жігіт әрі кәсіпкерлігін дамыту мақсатында тағы бір істі қолға алғанды. Армандары мен мақсатын бір арнаға тоғыстырып, Александр Рудь Жаңакүш су қоймасына жыл сайын мыңдаған дана тұқы, сазан, жайын балықтарын жіберіп келеді.
Александр Рудь жуырда ғана Жаңакүш су қоймасына 18 000 ақ амур, тұқы балығын жіберді. Сондай-ақ көп ұзамай Қарақай су қоймасына да шабақтар жіберуді қолға алмақ. Шыныменен су тоғандарында балықтар көптеп өсіп-өнсе, ауданды еш қиындықсыз-ақ балық және балық өнімдерімен қамтуға болатындығына шүбәміз жоқ.
Бір ерекшелігі сол, су қоймасында балық өсіріп, жағдайын жасап отырған Александр ауылдың және аудан тұрғындары қашан келсе де балық аулауға еш кедергі жасап отырған жоқ. Себебі Шыңғырлау ауданының тұрғындары үшін балық аулауға «Гефест» ШҚ-дан жолдама тегін беріледі. Тек балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап қана отырса болғаны.
Аслан Аманбаев,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz